Мүгедек жан екі бүлдіршінді өлімнен құтқарды

280
Амангелді Сәдібеков өртенген көлікке баса көктеп кірген

 

Амангелді Сәдібеков өртенген көлікке баса көктеп кірген
Амангелді Сәдібеков өртенген көлікке баса көктеп кірген

1-ші топтағы мүгедек екі бүлдіршінді ажал аузынан аман алып қалды. Кешегі хабарымызда тапа-тал түсте өртке оранған көлік туралы айтқан болатынбыз. Сол автокөлік ішінде қалып қойған екі бүлдіршінді құтқарған мүмкіндігі шектеулі жан екен. Бүгін осы қаһарман азамат Нұрсәттегі облыстық балалар ауруханасында жатқан сәбидің ахуалын сұрай келді.

Кешегі оқыс оқиғадан кейін араға тура тәулік салып, құтқарушы қаһарман бүгін Нұрсәттегі облыстық балалар ауруханасына келді. Амангелді Сәдібеков екі жасар сәбидің жағдайын білмек. Бүлдіршіннің шырылдап жылаған даусы әлі күнге құлағымнан кеткен жоқ дейді ол. Бес баланың әкесі сол шырқыраған дауыстан жаны жай таппай, бірден көмекке келген.

Өз өмірін қауіпке тігіп, балаларды құтқарған Амангелдінің екі қолын да күйік шалған. Жүйке тамырлары зақымдалса керек, қолының дірдек қағуы басылмапты. Бірінші топтағы мүгедектің екі бүйрегі де жарамсыз. Отырар ауданынан емделуге келген кезінде осы жағдайға тап болады. Есесіне екі бірдей баланы құтқарып, ерлік жасады. Бес жастағы бүлдіршінді жеңіл күйік шалса, кішкентай екі жасар сәбидің жағдайы ауыр.

Бір таң қаларлығы, тапа тал түсте халыққа қызмет көрсету орталығы маңында өртенген жигулиді көрген жұрт көп. Көмекке келудің орнына олардың барлығы шетте тұрып, тамашалаумен ғана шектелген. Өзгенің баласы үшін өзегі талмайтын мейірсіздіктің кесірі бұл. Жалын тұтанған сәтте бүлдіршіндерді алып шыққанда, олардың жағдайлары мұншалықты ауыр болмас еді. Он екі мүшесі сау адамдар құтқарудан қорқып тұрғанда, бірінші топтағы мүгедек басын қатерге тікті. Енді бұл ерлік ескерілмей қалмауы керек дейді балалардың ата-анасы.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=MTARoLFZ7eE[/youtube]