Қалада тұрады деген аты болмаса, жағдайымыз ауылдағы ағайындардан да нашар! Самал -3 шағынауданының тұрғындары бүгін жергілікті билікке өкпелі екенін білдірді. Шыдамныда шегі бар, біз де ел қатарлы өмір сүргіміз келеді, дейді олар.
Самалдықтардың суды күткеніне бес жылдан асыпты. Ең сорақысы орталық су жүйесі бір аттам жерде Бауыржан Момышұлы көшесі бойынан өткен. Судың рахатын Алпамыс көшесіндегі көршілері де көруде. Ал Тамшы бұлақ көшесінің тұрғындары тамшы суға зар.
Бұл маңдағы бөлікте көшелердің атауы да жоқ. Сондықтан болар жол мәселесі биліктегілердің қаперіне де кірмеген секілді. Көліктер әзер қатынайды. Былтыр тұрғындар 5 мыңнан жинап тас та төсеген екен.
Гауһар Замбаева, тұрғын: «Жол жоқ. Жаңбыр жауса балаларымыз жарты жолдан қайтып келеді. Белшемізден лайға батамыз. Жедел медициналық жәрдем шақырсақ, жолда тоқтап, үйімізді таппай кетеді»
Шағынаудандағы өзекті мәселелердің бірі электр жарығы. Қара түнекте отырмас үшін тұрғындар бағаналар орнатып, желілер тартқан. Орталық жүйеден болмағандықтан тоқ кернеуінің жоғарылауы жиілеп, тұрмыстық техникалар істен шығып, самалдықтар әбігерге түсуде.
Ұлжан Тәттібаева, тұрғын: «Трансформатор жекеменшікте. Екі холодилнигім,2 телевизорым күйіп кетті. Оны қайта қосу үшін 70 мың теңгені қайдан аламыз».
Бұл мәселелерді ауыл ақсақалдары Абай ауданы әкімдігінен бастап облыс басшыларына дейін жеткізген. Алайда бір-біріне сілтеген тірліктің бітер түрі жоқ деп ашынады аға буын өкілдері
Тұрсынқұл Төлебаев, тұрғын: «Облыс әкімі қала әкіміне жібереді. Әйтеуір уәде береді.Әкімдер халыққа жақын болсын дейді. Қайдам?»
Абай ауданындағылар шағынаудандағы проблемалар кезегімен шешіледі деп кезекті уәдесін берді.
Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Бюджеттен қаржы қарастырылған. Сумен қамтуға 307 млн теңге, электр жүйесін жүргізуге 205 млн теңге, табиғи газды тартуға 327 млн теңге».
Не суы, не жарығы мен газы жоқ самалдықтар сарсаңға салған жауаптылардың уәдесінен шаршадық дейді. Өз есептерінде бәрі ойдағыдай деп оңай құтылатын әкімдер тағы да сөздерінен тайқымаса болмаса.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=sHb8pjXL2G8[/youtube]