Шетелден автобус әкелудің машақаты

Қайраттың ойы тағы да сан тарапқа кетті
Қайраттың ойы тағы да сан тарапқа кетті
Қайраттың ойы тағы да сан тарапқа кетті

2006 жылдың қақаған қаңтары. Орал тауының асуында ыңырана қозғалған екі «Сетра» автобусы шығысты бетке алып келе жатқанына үш сағаттай болды. Алдыңғы «Сетра» рулінде келе жатқан Қалыбеков Қайрат әлсін-әлсін айнаға қарап қойып, артындағы келе жатқан серігі Балықбаев Мұратты назардан тыс қалдырмауда. Бұның қауіптенетіндей де жөні бар. Дизельді қозғағышы бар «Сетра» автокөлігіне мынадай қақаған суықта тоңбайтын қыстық солярка құйып алдық десе де – 40Со градусқа таяу аязда ол да тоңазып сыр бере бастаған жайы бар.

Бактағы солярка тағы да тоңып қалып, мынадай суықта далада тұрып қалмасақ екен деп тілеп келе жатқан Қайраттың ойы тағы да сан тарапқа кетті. Бұл өзі осы сапарға ойламаған жерден қалай шығып еді десеңші. Францияға көшіп барған баяғы татар достары автобус бизнесімен айналысады екен. Ойда жоқта хабарласа қалғанда өз ісінің жақсы жүріп жатқанын айтқан сол жігіт, арзан бағамен қанша болса да «Сетра» көлігін бере алатынын айтып ойланып көр деген болатын. Қала ішінде жүретін «Сетра» автобусының бұл жақтағы бағасын сұрастырып зерттеген Қайрат, арада үлкен айырмашылық бар екеніне көзі жетті. Автобусты Шымкентке айдап әкелгенше кететін жол шығындарын артығымен есептегеннің өзінде, қомақты қаржы қалатын сияқты. Бірақ табан астында мұнша ақшаны қайдан алуға болады десеңші. Ойлана келе үйін кепілдікке қойып, банктен керекті қаражатқа да қол жеткізді-ау ақыры. Басқа да құжаттарын дайындап бітісімен, қаңтардың 3-і күні Алматыдан Францияға қарай самолетпен ұшқан болатын. Қасындағы досы Мұрат екеуін Парижде күтіп алған қазақстандық достары бұларды ерекше құрметтеп күтті. Әйгілі Эйфель мұнарасы мен қаланың басқа да көрікті жерлерін тамашалатып, серуендетті.

Францияда бір аптадай болған Қайрат пен Мұрат екеуі екі «Сетра» автобусын алып Германия арқылы жолға шыққан болатын. Польшада жол торушылар көп болады дегесін, пароммен Финляндия арқылы Санкт – Петербордан бірақ шыққан жайы бар. «Жол мұраты – жету» дегендей бұлар оқта – текте бір мызғып алғаны болмаса, мүмкіндігінше тоқтаусыз жүріп келеді. Кейбір жерлерде қарлы боранның кесірінен жолдар жабылып қалып бірнеше күн, тіпті апталап та күткен кездер болды. Петербордан Мәскеу арқылы Қазан, одан Уфаға жетіп, енді міне Орал тауынан асып Челябинскіге қарай беттеп келеді. Осы жерден Троицк арқылы Қостанайға қарай өтпекші. Ал Қостанайға бір жетсе, Астана арқылы Шымкентке дейінгі жол картасындағы 2310 шақырым түк те емес, – деп қояды екеу ара әңгімеде. Бұлар жолды едәуір, тіпті 1000 шақырымға дейін қысқартып, Куйбышев арқылы Орал – Ақтөбе жолына да шығуына болар еді. Бірақ Ақтөбе мен Қызылорданың арасындағы «Өлі дала»атанып кеткен төрт жүз шақырымдай ел жоқ жолсыз даладан өтуге жүрексінген еді. Дегенмен мынау Уфа мен Челябинскінің аралығындағы Орал тауының асуынан өту де оңай болмай келеді. Автобусқа мұздақта таймайтын қыстық доңғалақ салдық дегеннің өзінде де жылдамырақ жүру мүмкін болмай тұр. Кенет бірқалыпты гүрілдеп келе жатқан мотор, жүргізушілер тілімен айтқанда «қақалып шашала» бастады. Қайраттың да бар қауіпі осы болатын. Демек солярка тоңып, жіңішке темір трубка мен майда сүзгіден өтуі қиындай бастады деген сөз. – Ойпырмай, айдалада тұрып қалмасақ жарар еді, – деп келе жатқалы да мінекей біраз уақыт өтті. Жанармай толық жетпеген мотордың да селкілдеуі үдей бастады.

Келесі бір асуға шыға берісте автобусты жүргізуге шамасы келмеген мотор дір – дір етіп барып, енді бір кезде мүлде өшіп қалды. Бұның неге тоқтағанын түсінбесе керек, өзінің де моторы селкілдеп әрең келе жатқан Мұрат, оның қасынан жайлап өте шықты. – Қап! Әттеген – ай десеңші. Жанармай багын қыздырып келе жатқан екі паяльник те Мұратта кеткенін қарашы. Өкінгенмен амал жоқ. Ендігі бар үміт келе жатқан бір көлікті тоқтатып, бар болса солардың паяльнигін сұрау. Бірақ мінекей бір сағаттай болды, түн ішінде өткен бірді – екілі көлік иелері қол көтерген бұған қайырлып та қарамады. Басқалардан күдер үзген Қайрат сөмкесіндегі бір көйлегін белтемірге (монтировкаға) орап, бактегі соляркаға батырып алып от жақпақ болды. Азынап тұрған боранда солярка да тұтанбай, ит қорлыққа түссе бола ма. Онымен бакты қыздырғанның өзінде де мотордағы майда трубкаларды қыздырудың мүмкін еместігі тағы белгілі болды. Бәлкім оталып қалар деген күмәнді үмітпен стартерді қоса-қоса, бір кезде аккумулятордың да ештемеге шамасы келмей, мүлде өшіп қалды. Барлық құжаттары мен артық киімдерін сумкаға салып, ең болмаса бас амандығын ойлап кез келген бағыттағы көлікпен мына елсіз орманнан қашып кету ғана болды осы кездегі Қайраттың бар ойы. Бірақ, бұл да орындалмас арман болып тұр. Осы бір мезетте бұның көлігін айналып өтпек болған бір жеңіл машина тайғанап барып үрінді қарға тұрып қалған болатын. Оларға жүгіре басып жеткен бетте көлік жүргізушісінің қасындағы жігітпен бірге бұл да итерісіп, әлгі машинаны қардан шығарысып жіберді. – Мені де ала кетіңдерші, – деген бұның сөзін құлағына да қыстырмаған әлгілер, артына бұрылып та қарамастан жөнеп кеткен еді. – Қап оңбағандар-ай! Ала кетсе қайтер еді, – деген бұның іші әлем тапырық. Сағатына қараса бұл тоқтағалы екі сағаттан асып барады екен. Бұл уақытта бак пен жіңішке темір трубкалардағы солярканың әбден қоюланып тоңып қалғаны белгілі. Енді «Сетра» жайына қалып, төніп тұрған ажалдан қалай аман қалам деп жанталасуда. Бірақ ешқандай амал жоқ екені ақиқат. Баяғыда-ақ іші мұздап қалған автобус ішінде жаурағандықтан дір-дір етіп секілдеп, ойы сан тарапқа шашырауда. Егер осында қатып қалсам, менің өлігімді кім елге апарар дейсің? Банкке қойылған үйден айырылып қалған әйел бала – шағам жаутаңдап қалай күн көрмекші? Олардың маңдайынан сипап пана болар кім бар? – деген ой мен бірге көз алдына арып – ашып жылап жүрген олардың мүсәпір бейнесі келгенде, еңіреп жылап жібергенін білмей қалды. Бұл іске кімді кінәламақ? Қыс ішінде алыс сапарға шыққан өзін бе? Әлде қыстық солярка деп сапасыз май шығарған зауытты ма? Не болмаса өзіне тоқтамай кеткен Мұратты кінәламақ па? Ойлап отырса ешкімге жаманшылық жасап біреудің ала жібін аттамаған сияқты. Ендеше мына сорды қай пейілімнен таптым,- деген Қайрат ағыл-тегіл жылап отыр. Осыдан Құдай қағып аман қалатын болсам, елге барысымен құдайы беріп, бір пенденің көңілін қалдырмас едім,-деп бүрісіп отырған қалпы өзінің ұйқысы келе бастағанын сезді. -Суықта тоңып өлген адамдар өздерінің ұйықтап кеткендерін сезбей қалады екен,-деген сөз ойына түскен Қайраттың үрейі ұшып кетті. – О! Құдай! Не жаздым саған Құдай,-деп зарлап қоя берген қалпы орнынан ұшып тұрды. Жаяу жүріп кетейін десе, алдағы елді мекенге дейін әлі қанша бар екендігі белгісіз. Мына қарлы боранда таудың жыртқыш аңдары кезікпесіне тағы да сенім жоқ.

– О,Құдай! Құдай!,-дегеннен басқа сөз аузына түспеген Қайрат, еңіреп отырып бір кезде жандалбасалап дір-дір еткен қолдарымен кілтті бұрап қалды. О тоба! Автобус жылы жерде тұрғандай – ақ гүр ете қалса бола ма?!

…Арада тағы бір-екі сағаттай уақыт өткенде, жолдағы қонақ үйдің жанында багын паяльникпен қыздырып тұрған Мұратқа да жетті-ау ақыры. Автобустан түсе, ебіл- дебілі шыға жылап келе жатқан өзіне қарап аң-таң болып тұрған Мұратты құшақтай алып: – Құдай бар! Құдай бар! Естимісің Мұрат, Құдай бар. Оған ешқандай күмәнің болмасын. Құдай бар,-деп боз-бораны шыққан Қайрат қуанышын баса алмай, Мұратты сүйіп жатыр, сүйіп жатыр. Әлден уақытта өз-өзіне келген Қайрат, көрген азабын айта келе; – Мейлі, аккумулятор біраз тұрған соң күш жинады делік. Ал үш – төрт сағат бойы өзі тоңып өшіп қалған автобустың соляркасы бұрынғыдан бетер тоңды емес пе? Оның үстіне қарсы соққан үскірік бораннан мотор да әбден мұздап, тас болды ғой. Бұл істі енді Алланың кереметі демей не дейсің, – деген Қайратқа Мұрат та ләм дей алмаған еді. Арада тағы бірер күн өткенде бұлар Қазақстанның шекарасына он-он бес шақырымдай жердегі Троицк қаласына жетіп, еріксіз тоқтауға мәжбүр болды. Мұнда да боран тұрып, жолдар жабылып қалыпты. Жолдың ашылуын күтіп осында тұрып қалған төрт күн ішінде, солярканың мүлде тоңып қалғаны айтпаса да белгілі. Ресей шекарасынан шығып кету үшін берілген транзитті визаның мерзімі әлдеқашан біткен. Енді кешіккені үшін шекарада айып төлетуі де мүмкін…

– Боран басылып, жолдар ашылды,-деген хабарды ести сала автобустарына келіп бакты ашып қараса, сұмдық. Бактегі солярка тура бір қою быламық сияқты болып іркілдеп тоңып тұр. Мана бір әзірде қонақүй кезекшісі даладағы аязды түнде – 47Со градусқа дейін төмендегенін айтқанда-ақ бұлар бастарына ауыртпалық түскенін біле қойған болатын. Мынандай аязда мотордың да әбден тас болып мұздап, ондағы мотор майының да қоюланып қалғаны анық. Бұндай моторды, өзі мұздап тұрған аккумулятордың да айналдыра алмасы белгілі. Сәл ойланып қалған Қайрат бір кезде: – Алланың мейірімі түспей бізге бұл тығырықтан шығар жол жоқ. Мұрат, кеттік қонақүйге, – деді бір шешімге нық табан тіреп. Бөлмелеріне келген бетте екеуі де дәрет алу рәсімін жасап, білетін барлық Құран сүрелерін қайта – қайта оқып, бір Алладан медет тілеумен болды… .

Әлден уақытта сыртқа шығар есікке беттеп бара жатқан бұларды қонақүй әкімшілігі дауыстап тоқтатты.

– Сіздер бүгін де қонасыздар ма, жоқ әлде кетесіздер ме? – деген орыс әйелге бұлар сәл ойланып барып, екі ұштылау жауап берді.

– Білмейміз, автобусымызды оталдыра алсақ жүріп те кетер едік. Бірақ қайдам, – деді дауысына күмән араласқан Мұрат екіұдай күйде.

– Сіздерде бір проблема болып тұр ғой деймін шамасы. Айтыңыздар, қолдан келсе жәрдем берейік, – деген сол жердегі қырықтар шамасындағы жігітке бұлар барлық мәселені жайып салды.

– Әр автобусқа 30 мың рубльден (біздіңше 150 мың теңге)берсеңіздер көліктеріңізді жүргізіп, Ресей шекарасынан да шығынсыз өткізіп беремін,-деген жігітке бұлар амалсыз келісті.

– Сендер тырп етпей осы жылы жерде отыра беріңдер, – деген әлгі адам қасына тағы екі жігітті қосып алып, сол жердегі дүкеннен 120 метрдей қалың кленка сатып алды. Бұл іске қайран болған бұлар әлгілердің әрекетін сырттай бақылап отыр. Кленканы жазып жіберіп өлшеп қырқып, бір-біріне скочпен жабыстырған олар әр автобусты жеке – жеке қымтай жауып қойды. Автобустың үстін жапқан кленканың жердегі етегін тастармен бастырып қойып, мотордың астынан жерге паяльникпен от қойды. Өздерінің ісіне таңырқай қарап тұрған бұларды көріп, манағы өзін Андрей деп таныстырған жігіт: – Қонақүйге барып, сол жерден жақсылап тамақтанып келе беріңіздер. Құдай қаласа, ары кеткенде тағы бір-екі сағатта, автобустарыңыз ыстық моншаға түскендей боп «тұмауынан» жазылып кетеді,-деді бұларға күле қарап.

Шынында да бұлар ыстық ас ішіп, қонақүймен есептесіп келіп қараса, терлеген кленкадан екі автобус та мүлде көрінбей тұр. Кленканың астынан жан-жаққа тарам-тарам боп су ағуда.

– Мына ақыл бізге бұрын неге келмеген десеңші, – деп күбірлеген Мұрат автобусына отырып стартерді қосып қалғанда мотор гүр ете қалды. Қайраттың да автобусы қиналмастан бірден оталды. Кленкаларды бүктеп автобустарына салып берген Андрей, бұларды Ресей кеден бекетінен де ешқандай шығынсыз өткізіп салды.

– Бұларды бізге жіберіп жолықтырған Алла Тағалаға мың да бір рахмет, – деген Қайратты Мұрат та қостап, шүкіршілік айтып жатты.

Бөріхан Баймұсаұлы

Ордабасы ауданы