«Қаланың сәулеті де, дәулеті де артатын болады»

Бақытбек БАЙСАЛОВ, Кентау қаласының әкімі

Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қамтыған бағыттардың арасында «Моноқалаларды дамыту бағдарламасы» туралы айтылып, оның мәні мен мақсаты анық көрсетілген. Ол бойынша өңірлердегі болашағы бар шағын қалаларды дамыту жөнінде бағдарлама қабылдау Үкіметке тапсырылған-ды. Бағдарлама қабылданып, жобалар жасалып, қазір қай жерде не істеу керектігі анықталып жатыр. Біздің облыс бойынша аталмыш бағдарламаға еніп отырған жалғыз қала – Кентау. Таяуда аталмыш шағын шаһардың әкімі Бахытбек Байсаловпен сұхбаттасқан едік.

Бақытбек БАЙСАЛОВ,  Кентау қаласының әкімі
Бақытбек БАЙСАЛОВ, Кентау қаласының әкімі

– Бахытбек Шорабайұлы, Сіздер бұл бағдарламаны жүзеге асыруға былтыр кірісіп, биыл жалғастырудасыздар. Біраз қаржы да бағытталды. Сіздің ойыңызша осы бағдарлама қаланың жағдайын қаншалықты өзгерте алады? 

– Негізі, Үкіметтің шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында әрбір шағын қала өзінің даму бағдарламасын жасайды. Біз соны жасадық, бірақ талап бойынша бағдарлама бір-екі жылдық емес, ұзақ мерзімге арналуы тиіс.

Бағдарламаның мақсаты – өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайларды теңестірудің тиімді жаңа тетіктерін табу. Былайша айтқанда, жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, кәсіпорындар жұмысын жетілдіруге айтарлықтай ресурстар бағытталатын болғандықтан, ішкі және сыртқы мүмкіндіктердің бәрін қамту керекпіз. Бұл – мәселен, біз өз қаламыздың базасында қаламызға, яғни халыққа тиімді көптеген индустриялық жобаларды жасауымызға болады деген сөз.

Бірақ, ол жобалар арнайы басқармалар мен департаменттерден саралаудан өтіп, сосын министрліктерге жолданады. Одан өткен соң барып, жобада сұралған қаржының бөлінуіне рұқсат етіледі. Сосын тексеруден өткен жобаны іске асыратын мердігер керек, оған тендер жариялаймыз.

Байқап отырған шығарсыз, осының бәріне біраз уақыт кетеді, ал кейбір сөзқұмарлар бұған мән бермей, «Үкіметтің бөлген қаржысы қайда кетіп жатыр?» – деп дүрліге бастайды. Сол үшін өзіміздің жергілікті телеарна мен басылымдарда біздің мамандар тұрақты түрде тікелей эфирге шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды алаңдатқан сауалдарға бетпе-бет жауап беруде.

«Не істеу керек?» деген сұрақ көкейімнен шыққан емес
«Не істеу керек?» деген сұрақ көкейімнен шыққан емес

Иә, біз моноқала бағдарламасын жүзеге асыруды былтырғы жаздан бастадық. Оған 241 млн теңге бөлінген болатын. Ол қаражат былтыр толықтай игеріліп, оған қала көшелері абаттандырылды. Атап айтқанда, бұрын қаратүнек болып тұратын шет жақтағы 15 көше жарықтандырылды. Асфальты тозып, жол қатынасының берекесін қашырып тұрған 5 көше асфальттанды. Көпқабатты үйлердің алдындағы 20 аулаға және 4 балабақшаның ауласына балалар ойын алаңшалары орнатылды.

«Жасыл аймақ» бағдарламасы бойынша қаланың кіре берісіндегі алқапқа қайың, емен және декоративті ағаш көшеттері отырғызылды. Бауларды суғару үшін жаңадан су жүйелері тартылды. Қазір көшеттердің 90%-ы көгеріп, желкілдеп өсіп келеді. Қаладағы жалғыз мәдениет ошағы Ш. Қалдаяқов атындағы Мәдениет сарайында күрделі жөндеу жұмысы жүруде. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады.

Айта кету керек, жұмыс болған жерде кемшілік болмай тұрмайды. Рахмет, «НұрОтан» ХДП қалалық филиалы мердігерлер тарапынан кеткен кейбір кемшіліктерді дер кезінде анықтап, оны жөндеуге жақсы атсалысып жатыр. Әсіресе, әлгі алаңшаларды сапасыз жасаған мердігерлер биыл кем-кетістігін қайта түзетіп бермекші.

– Енді қабылданып жатқан жобалар жайлы да біле отырсақ.

– Жоба мәселесінде айтар әңгіме көп. Соның бастыларына тоқталайын. Осы бағдарлама бойынша күрделісі әрі маңыздысы – индустриалық аймақ құру жобасы. Себебі, ештеңе жоқ жерде өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары пайда болуы керек. Оған 41 гектар жер бөлініп қойды. Ал тілек білдіруші кәсіпкер, айталық, шағын цех салу керек дейік. Жұмысқа рұқсат етпес бұрын, ол не өндіреді, ол халыққа қаншалықты пайдалы, қанша адамды жұмыспен қамти алады деген сияқты тиімді мақсаттар қоямыз. Өйткені, қазынаның бір тиыны да шашау шықпауы тиіс. Бұл – Елбасының талабы, уақыт, заман талабы.

Міне, осының бәрін реттеп, кәсіпкерлерге ақыл-кеңес айтып, жобасын жасауға көмектесіп отыратын өзімізде «Кәсіпкерлік орталығы» бар. Ол биылғы көктемде ашылды.

Мәселен, биылғы 2013 жылы қаламызға 5004,0 млн теңгеге инвестиция тартып отырған жаңа жобаларды, атап айтқанда, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ электроизоляциялық, механикалық цехының жобасын алайық. Жобаның құны – 1 млрд 200 мың теңге. Жаңадан 110 адамды жұмыспен қамтимын деп отыр. Бұл жоба – үстіміздегі жылдың қазан айында іске қосылады деп жоспарланған.

Содан кейінгісі – «Экскаватор» АҚ-ның темір-бетон шпал өнімдерін шығару жобасы. Мұның құны – 1 млрд 400 мың теңге. Олар – 50 жаңа жұмыс орнын ашпақ. Жоба 2013 жылдың қыркүйек айында іске қосылуы тиіс. Инвесторы – «Қазақстан Теміржолы» АҚ.

Үшіншісі – «Оңтүстік аяқ киім фабрикасы» өндірісінің жобасы. ЖШС директоры, жергілікті кәсіпкер жігіт ашамын деп отыр. Мұның жобасының құны – 345 млн теңге. Онда 57 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл фабрика жоспар бойынша осы жылдың қазан айында пайдалануға берілуі керек. Міне, жобалардың бірқатары осылай.

Себебі, ештеңе жоқ жерде өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары пайда болуы керек.  Оған 41 гектар жер бөлініп қойды
Себебі, ештеңе жоқ жерде өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары пайда болуы керек. Оған 41 гектар жер бөлініп қойды

– Жақсы екен. Бұл жобалардың барлығының жүзеге асарына шүбәміз жоқ. Білуімізше өзіңіз жергілікті жердің перзентісіз. Қай жерге не керек екенін айтпай-ақ білетін боларсыз?

– Сеніміңізге рахмет. Әлбетте, осы қалада туып-өскен соң, бәрі мәлім. Халықтың да үлкен-кішісі маған бес саусақтай таныс. Шынымды айтсам, туған қаламды көркейтіп, жұмыссызына жұмыс, үйсізіне баспана тауып беріп, жетімдерді жылатпай, жалғызбастыларды алаңдатпай, білім керегіне білім, балабақша керегіне балабақша салып беріп, еңселерін көтерулеріне бар күш-жігерімді, қарым-қабілетімді жұмсау – күні-түнгі арманым. Үнемі жүрегімнің түкпірінде, ойымның бір шетінде тұрады. «Не істеу керек?» деген сұрақ көкейімнен шыққан емес. Аракідік қариялармен, көзі ашық, көкірегі ояу ақсақалдармен, зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде, осы ойларымды орталарына салып отырамын. Олардың көбісі «Асықпа, қаланың да, халықтың да жағдайы біртіндеп түзеліп келеді. Амандық болса, бұл мақсатыңа да жетесің. Тек елмен бірге болсаң болғаны. Адал, қолың таза болсын», деп сақтандырып, ойларын, ақыл-кеңестерін ашық айтады. Ол кісілер қай уақытта келсе де, қабылдаймын. Телефоным ашық.

Қазір қалада 90 мыңға жуық халық бар. Көпұлттымыз. Құдайға шүкір, татулығымыз бен ынтымағымыз берік.

Халқымыздың саны жылдан-жылға өсіп келеді. Қаладан 1200 орындық тағы бір мектеп салынып жатыр, пайдалануға келесі жылы беріледі. Сосын, Қарнақ пен Хантағы ауылынан 100 орындық екі балабақша биыл бой көтереді. Ал Байылдыр ауылынан салынатын 300 орындық мектептің құрылысы ендігі жылы басталады.

– Жаңа бір сөзіңізде, «біздің қала орташа әлеуетті қалаға жатады» дедіңіз. Осыны түсіндіре кетіңізші? 

– Бұл жерде мынаған көңіл аудару керек. Кентау неге шағын қалаларды дамыту бағдарламасына еніп отыр? Себебі, Кентау бұрын тек өндіріске ғана бейімделген бірсалалы қала болған. Ол өндірісі – «Ащысайтүстіметалл» комбинатына қарасты бірнеше кеніштер. Яғни – шахталар. Оның бәрі біз КСРО-дан ажырап, егемендігімізді алған тұста, жабылып қалды. Сосын, жұмыссыз қалған халық шұбырып жұмыс іздеп кетті. Біреулер ала сөмке арқалап, саудаға, біреулер жарты жылдап ала алмаған айлықтарын, зейнетақыларын даулап, көшеге ереуілге шықты. Сөйтіп, қаланың экономикасы құлдырап, ілгері басқан қадамы кейін кетті. Егін салайын десе, жері жоқ, мал өсірейін десе, өңкей тау мен тастың арасы.

Ол кезде мен студент болатынмын. Ауыртпашылықтың не екенін жақсы білем. Әкеміз ҰОС қатысушысы, озат шахтер болған, бірақ ертерек айырылдық. Біз алтаумызды анамыздың бір өзі асырап-баққан. Қолымызға тиын ұстатпайтын. Себебі, жоқ. Жетпейді. Бір-біріміздің ескімізді киіп жүріп жетілдік. Мен бұған арланбаймын. Өйткені, сол кезгі кентаулықтардың көбісінің жағдайы сондай-тұғын.

Өстіп, Кеңес дәуірінде ең жоғары айлық алып үйренген кеншілер, қиындықтың көкесіне осылайша тап болды. Оның үстіне, мынау көрші Түркістан секілді тоғыз жолдың торабы емес, біздің қала – «тұйық» қалаға жатады. Айналып келгенде, осының бәрі жиналып, қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын төмендетіп, ахуалын түсіріп жіберген. Қала – дотациялық қалаға айналды.

Жақында ғана, осыдан екі-үш күн бұрын, қалалық орталық мешітімізде мектепті биыл бітіретін  барлық түлектермен (466) бір маңызды іс-шара өткізілді
Жақында ғана, осыдан екі-үш күн бұрын, қалалық орталық мешітімізде мектепті биыл бітіретін барлық түлектермен (466) бір маңызды іс-шара өткізілді

Шүкір, қазір ол күндерден жағдай біршама жақсарды. Алайда, қала – орташа әлеуетті қала қатарында. Ендігі мақсат, осы «Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы» аясында қала өзінің орташа әлеуетін, жоғары әлеуетке жеткізіп алуы керек. Міне, Жолдау жүктеген міндет осылай. Біз сол үшін жатпай-тұрмай жұмыс істеуіміз қажет.

Егер, бағдарламаның барлық талаптарын жүзеге асыра алсақ, қаланың сәулеті де, дәулеті де артатын болады. Әзірше, мен сізге 2015 жылға дейінгі жоспарларымызды ғана айтып отырмын.

– Өзіңіз білесіз, қазір жасөспірімдер арасындағы қылмыс, құқықбұзушы-лықтар өсіп барады. Бұл жағы қалай, сіздерде?

– Тентектеріміз жеткілікті. Мүмкіндігінше, ата-аналармен, мектептермен жасөспірімдер арасында жиі орын алатын топ болып төбелесу, суық қару қолдану дегендерді қалалық ішкі істер бөлімімен бірлесіп, тез арада ауыздықтау жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Түнгі рейдтерге мұғалімдер, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері ерікті түрде қатысып отырады.

Жақында ғана, осыдан екі-үш күн бұрын, қалалық орталық мешітімізде мектепті биыл бітіретін барлық түлектермен (466) бір маңызды іс-шара өткізілді. «Жалмауызға да жан керек» дегендей, ҰБТ тапсырардың алдындағы мұсылмандық дәріпке ұйығандары соншалық, әншейінде тыпыршып, жер-көкке сыймай отыратын ұлдар мен қыздардың моп-момақан күйлерін көрсеңіз ғой. Таң қаласыз! Бас имам Исмайыл Пановпен бірге Жаратқанға жалбарынып, тілек тілеп, мінәжат еткенде, кәдімгі салиқалы кейіпке енгендері анық байқалды. Кездесуде көп әңгіме айтылды, бөтен дін, бөтен мәдениет, қатыгездік, жалпы адами құндылықтардың барлығы қамтылды. Соңынан мешіт қызметкерлері оқушыларға түгелдей Ислам дінін насихаттайтын әдебиеттерді тегін таратты.

Осының өзі біздің жастарымызға үлкен ой салмауы мүмкін емес. Ата-аналарымызға болса да… «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген сөз бар емес пе, түптің-түбінде бала тәрбиені қанында бар тегінен алмай қайдан алады. Көргенін істейді, естігенін айтады. Бірақ, қазір ата-анадан гөрі ортаның, яғни өз қатарларының әсері басым түсіп тұр. Біз осымен күресуіміз керек. Өз ұрпағымызды өзіміз тыя алмасақ, кімге өкпелейміз?!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Дәурен ӘБДІРАМАНОВ