Шомылудан шошып қалдық

Елдің әсіресе жиі баратын демалыс аймағы «Тұлпар» көлі өз жұмысын ресми түрде маусымның 1-інен бастады
Елдің әсіресе жиі баратын демалыс аймағы  «Тұлпар» көлі өз жұмысын ресми түрде маусымның 1-інен бастады
Елдің әсіресе жиі баратын демалыс аймағы «Тұлпар» көлі өз жұмысын ресми түрде маусымның 1-інен бастады

Жаздың аптап ыстығы басталысымен шымкенттіктер «Тұлпар» көлі мен «Қошқарата» өзенін жағалап жүр.

Елдің әсіресе жиі баратын демалыс аймағы «Тұлпар» көлі өз жұмысын ресми түрде маусымның 1-інен бастады. Демалыс аймағындағы су айдынына «Сайрам» өзенінің суы «Шынақ» бетондалған магистральды каналы арқылы құйылады. Бұл каналдан «Тұлпар» аймағына дейін 3 тұндырғы орнатылған, онымен қоса су қоймасына құйылар алдында су арнайы резервуарда залалсыздандырылады екен. Тұндырғыларда су сүзгіштері де қаралған. Демалыс мекенінің санитарлық нормаларына сәйкес, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасынан мәліметтер алдық. Аталған мекеме мамандары шомылу маусымы басталысымен мұнда зерттеу жұмыстарын жүргізген. Яғни, 9 рет химиялық, 6 рет бактериологиялық зерттеуге су үлгілері алынып, топырақтың бактериологиялық құрамы 6 рет тексеріліпті. Нәтижесінде, бұл демалыс мекені санитарлық талаптарға сай, дейді сала мамандары. Олардың айтуынша, су айдынының суы үнемі жаңартылып, оның түбі сұйық иодпен залалсыздандырылып тұрады екен.

Бір өкініштісі, жалпы көлемі 7,9 га жерді алып жатқан «Тұлпарға» жазғы маусымда санитарлық мамандар тарапынан тек 1-ақ рет тексеру жүргізіледі екен. Өйткені, ол жекенің меншігі. Сондай-ақ СЭҚБ-ның жұмыс жоспарында да солай бекітіліпті. Алда-жалда келеңсіздік орын алған жағдайда жоспардан тыс тағы да зерттеу жүргізулеріне болады.Айтуларынша, шомылу орындарына зерттеу жүргізбес бұрын, 1 ай алдын ескертіледі. Демек, тексеру келгенше кем-кетікті түгендеуге уақыт жетіп-артылады деген сөз. Ал мұндай тазалық жаз бойында сақталуына кім кепіл? Жан-жағына кафелер мен тапшандар орнатып тастаған «Тұлпар» айдынының жағасында бос бөтелкелер мен баклашкалардың шашылып жататынын да байқайтынбыз.

Ал, қысы-жазы жағасынан адам үзілмейтін Қошқар-ата өзенінде жағдай қалай? Бұл жер де санитарлық талапқа сай, деп баға беріп отыр СЭҚБ мамандары. Су мен топыраққа жүргізілген химиялық, бактериологиялық зерттеулер оң нәтижесін беріпті. Бүгінде балалар қала ішіндегі субұрқақтарды да шомылу аймағына айналдырған. Қаламыздың орталығындағы «Қызғалдақ» және бұрынғы Көл базары аймағындағы су бұрқағы осындай орындардың бірі. Алайда, бұлардың ішінде тоқ жүргізілген сымдар мен үшкір темірлер балаларға қауіпті.

Облыс бойынша 150-ден астам ашық су көздері болса, оның 23-і су қоймалар, 13-і көлдер, 55-і өзен және 67-сі канал. Бұдан басқа тіркеуге алынбағандары да қаншама. Дегенмен бұл су көздерінің барлығы шомылуға арналмаған, арналғанның өзінде кейбір жерлері ғана. Жыл сайын шомылу маусымында суға кеткендердің қатары көбейеді. Мысалы, өткен демалыс күндерінің өзінде елімізде 10 адам суға кетті. Қайғылы жағдай Алматы, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Өкінішке орай, жаз айлары басталғалы ажалы судан келген азаматтар азаймай отыр. Сондай-ақ, судан түрлі аурулар жұқтыру деректері де кездесіп жатады. Сондықтан да шомылу кезінде сақтық шаралары мен арнайы ережелерді сақтай білген жөн.

Гүлнұр Сәтбаева

Гүлмира Ермекбайқызы
Гүлмира Ермекбайқызы

Гүлмира Ермекбайқызы, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік СЭҚБ-ның санитарлық-гигиеналық бөлімінің бас маманы:

– Жоспар бойынша айына 1 рет барлық өзендер мен бассейндерден химиялық және бактериологиялық зерттеуге топырақ пен су үлгісі алынып отырады. Бірақ «Тұлпар» су айдыны тек шомылу маусымы басталғанда ғана тексеріледі. Мамыр айынан бастап зерттеу жұмыстары жүргізілген «Кен Баба» аквапаркі, Бадам, Қарасу, Қошқарата, «Тұлпар» су айдындарының тазалығы санитарлық нормаларға сай. Ал, «Спартак» және «Қажымұқан» бассейндері бұл тексеруден енді өткізіледі».