Әтешпен әлек болып, бәс тіккендер ұсталды (бейнекадр)

636
Көрермендерге қолайлы болуы үшін 3 қатар орындық-сәкі жасалған

Әтештің әлегі! Оңтүстіктің тәртіп сақшылары әтеш төбелестіретін орынды әшкереледі. Сайрам ауданынан табылған астыртын аренада көптен бері құмар ойындарының көрігі қызып келген. Жасырын ғимаратта қораздар жекпе-жегін тамашалайтындар ол үшін арнайы ақша тігетін болған.

Қораздар "қырылысып" жатыр
Қораздар «қырылысып» жатыр

Бұл жер Кәдімгі Коллизей дерсің – аренаға құм төселіп, арнайы дайындалған. Жан-жағында көрермендердің орындықтары, 9 бейнебақылау камерасы бар. Тек ежелгі гладиаторлардың орнына үй құстары төбелеседі. Тәртіп сақшылары жасырын ойынхананы жапқан сәтте осы жердің ұйымдастырушысы да қолға түсті. Оның айтуынша, қоразын алып келіп, төбелестіретіндер де, қызықтаушылар да 200 теңге төлеп кіреді. Бір кеште 100-ге дейін адам жиналатын көрінеді.

Көрермендерге қолайлы болуы үшін 3 қатар орындық-сәкі жасалған
Көрермендерге қолайлы болуы үшін 3 қатар орындық-сәкі жасалған

Тәртіп сақшыларының айтуынша, қораз төбелестіретін орын әр сенбі сайын жұмыс істеп келген. Жиналатын жүздеген көрерменнің арасында сонау Алматы мен Астанадан арнайы келетіндері де бар екен. Әтешін арқалап келіп, қан-жоса төбелеске салады. Қай жеңгені бәске тігілген қаржыны қалтасына басады. Ал бәс тігетіндер – жергілікті тұрғындар. Олар бір жұптың бәсекесіне 2-3 мың теңге тігетіндерін айтып отыр. Ең әккілері сирек ұтылатындарын, көбінесе бәстен жолы болатындарын айтады. Кейде 8-10 мың теңгеге дейін ұтып алатын көрінеді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=iJeK-qu8EPY[/youtube]

Құмар ойын ордасының «қораз ойнақтың» көрігін қыздырып келгеніне 1,5 жыл болған. Астыртын құмархананың әшкере болуына сол маңдағы тұрғындардың арызы түрткі болған. Олар үйлерінің іргесіндегі ғимаратқа жиналғандардың түні бойы шулап, мазаларын алатындарын учаскелік полицейлерге айтқан.

Жасырын ойын аренасын әшкерелеген сәтте ішінен 10-нан астам қораз табылды. Сол үй құстарының барлығы және кассадан 30 мың теңге тәркіленіп алдынды. Енді заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандардың мәселесін майшаммен қаржы полициясы қарайды.