Баға арзандай ма?

Тұрғын үй нарығы да саясатқа байланып тұр
Тұрғын үй нарығы да саясатқа байланып тұр

Еліміздегі тұрғын үй бағасы арзандауы мүмкін. Бұл туралы жуырда Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов мәлім етті. Ол үшін құзырлы мекеме құрылыс компанияларының үй тұрғызуға жұмсайтын барлық қаржысын жіті тексеріп шықпақ.

Басты назар – құрылыс заттарының бағасы мен оны тасымалдауға кететін шығындарға және жұмыс күшіне аударылады.Ведомство басшысы артық шығындар байқалатын болса, соның есебінде баға төмендетілетінін алға тартты. Дегенмен, нарықтық бағыттар да ескерілмек. Себебі, бизнес пен элиталық топтарға арналған баспаналар үлкен сұранысқа ие. Болатбек Қуандықов «орташа айлық табысы бар қала тұрғындары, жалпы азаматтар баспана сатып алатындай деңгейге жетуіміз керек. Шығындар болатын болса, біз Үкіметке ұсыныс береміз» дейді. Елбасы өткен аптада тұрғын үй бағасының негізсіз көтерілгенін сынға алған еді. Бұл жұмыс сол тапсырмаға сәйкес жүргізілуде. Елбасы дерегіне сенсек, Берлинде үйдің әрбір шаршы метрі 1 мың АҚШ доллары тұрады, Прагада 3 жарым мың доллар. Ал, Астанадағы жаңа үйлердің әр шаршы метрі, 4 жарымнан 5 мың долларға дейін көтеріліп кеткен. «Мұндай бассыздыққа – елде бәсекенің жоқтығы, әрі жер телімдерінің шектеулі компанияларға ғана берілгендігі себеп болып отыр» дейді ел Президенті. Үкіметте отырған атқамінерлерді бір сілкіп алған Мемлекет басшысы Президент әкімшілігі мен аймақтардағы әкімдіктерге бұл жағдайды ретке келтіру туралы тапсырма берді. Енді құзырлы орындар құрылыс компанияларының неліктен үй бағасын шарықтатып отырғанын анықтауы керек. Осы тұста Статистика агенттігі үстіміздегі жылдың маусымында республикада тұрғын үй нарығындағы бағаның аздап өскені байқалғанын хабарлады. Өткен аймен салыстырғанда көркейтілмеген тұрғын үйлерді алып сату 2,1%-ға, көркейтілген тұрғын үйлерді алып сату және оны жалға беру – 1,8%-ға, жаңа тұрғын үйлерді сату – 1,5%-ға өскен. Сонымен қатар, ведомство мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың маусымында тұрғын үйді сатып алу-сатудың тіркелген келісімдерінің саны 15 512-ні құрады және өткен аймен салыстырғанда 1,3%-ға артты. Агенттік ақпараты бойынша, 2013 жылдың қаңтар-маусымында тұрғын үйді сатып алу-сату келісімдерінің саны былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 7,6%-ға өскен.

Ал өткен аптада шымкенттік жылжымайтын мүлік агенттіктері пәтер бағасының арзандағаны туралы ақпаратта жарыса жариялады. Олардың мәліметінше, соңғы екі айда екінші деңгейдегі пәтерлердің бағасы қала бойынша 10-15%-ға төмендеген. Бұл шамамен 2-3 мың долларды құрайды. Алайда, тұрғын үй нарқына күмәнмен қарайтын көпшілік бағаның төмендегеніне сенбейді. Көңілдегі күдікті облыстық статистика департаментінің мамандары да растайтын секілді. Ресми мәлімет бойынша екінші деңгейдегі пәтерлердің бағасы маусым айында қымбаттаған.

Түйін: 

Тұрғын үй нарығы да осылайша сан қилы саясатқа байланып тұр. «Баға төмендейді», «қымбаттайтын болды» деген ақпарлардың астарында Сіз бен Біз білмейтін сыр жатыр. Бір анығы, «баспана бағасы арзандайды» деген ақпаратқа жылжымайтын мүліктің нарығынан күдер үзген жұртты сендіру қиын.

Мақпал РЫСБАЕВА