Аты бар, заты жоқ лифт

255
9 айдан бері жұмыс істемейтін лифт

«Түссем, шыға алмаймын, шықсам, түсе алмаймын». Шымкенттегі Әлия Молдағұлова көшесіндегі №44 үйдің тұрғындары біраз уақыттан бері осындай күйге енген. Лифтілері істен шығып, 9 айдан бері тоғызыншы қабатқа шығып-түсу қиямет-қайым дейді тұрғындар. Ал қарттар, тіпті, аулаға шығудан қалған. 9-қабатта тұратын Танкибаева Гүлданаға 4 баласымен аулаға шығып серуендеуі отбасылық үлкен мерекеге айналған. Лифт жұмыс істегеннің өзінде әбден қорқып қалыпты.

9 айдан бері жұмыс істемейтін лифт
Лифт 9 айдан бері жұмыс істемейді

 Танкибаева Гүлдана, тұрғын: «Міне, осы үйге 2004 жылы көшіп келдік. Бір күні лифт жертөлеге құлап түсті. Содан бері лифтке дірілдеп кіріп, дірілдеп шығамыз. Өзім 9-қабатта тұрамын. Міне, көршілерім куә – лифттің бір тоқтап, бір істегенінен шешем инсульт алып, қайтыс болды. Менің 4 балам, 3 айлық бесіктегі нәрестем бар. Соларды төменге алып түсіп, далаға шыға алмаймын. Сәбилерге таза ауа жұту керек қой. Құдайдың таза ауасына да жете алмай қалдық.»

Бұл үйдің өзге де проблемалары баршылық. Соның бірі – лифтінің істен шығуына себеп болған шатырдан ағатын су. Салдарынан үйдегі қабырғаларының да сыйқы бұзылды.

 Аксикова Гүлнәр, үй төрайымы: «Мен осы үйдің бар проблемасын айтып, Абай аудандық әкімдігіне арызданғанбыз, облыс әкіміне де шағым жаздық. Бірақ, ешқандай нәтиже шықпады. Айналамыздың бәрі базар, саудагерлер үйдің артына қоқыс тастайды. Ал қалдықтар түнімен жанады. Тұрғындар жазда да есік, терезелерін аша алмайды.»

Жергілікті Абай ауданы әкімшілігінің мамандары әбден тозығы жеткен лифттің жағдайынан хабардар. Ал шатырдан ағатын су және өзге мәселелерді алғаш рет естіп отыр екен.

 Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Тұрғындардың шатырынан ағатын су мәселесі жайлы бізге хат түспеген. Ал лифтті жаңғырту бағдарламасы бойынша ауыстыруға қалалық әкімшіліктің шешімін күтіп отырмыз. Сол мәселе қалай шешіледі, солай бірден жұмыс жүргіземіз.»

Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, өзге де мұң-мұқтаждарын тыңдады. Одан кейін тез арада лифтті ауыстырып, шатырды жөндеп береміз деп уәде етті.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=oOhiw-YwwvU[/youtube]