195-орамның тұрғындары топырақ пен шаңға тұншығып отыр

307
"195-орамдағы" "Балауса" көшесі

«Табиғи газ сұраймыз деп, жолдан айрылдық!» Шымкенттегі бұрынғы «Откормсовхоз», қазіргі 195-орамның тұрғындары осындай жағдайға тап болған. Жерлестеріміздің айтуынша, үйлеріне көгілдір отынды кіргізу үшін жерасты құбырларын тартқан мердігер компания көшенің астаң-кестеңін шығарып кеткен. Тас көшенің бүгінде топырақ-шаңы көкке көтеріліп, ауаны ластап жатыр. Дегенмен, бұл жергілікті тұрғындардың жалғыз мәселесі емес көрінеді.

"195-орамдағы" "Балауса" көшесі
195-орамдағы Балауса көшесі

 Қаладағы 195-орамға жерасты газ құбырларын жүргізілу басталысымен-ақ тұрғындардың көшеге шығуы мұң болыпты. Балауса көшесінің тұрғындары бір айдан астам уақыт бойы осы ойдым-ойдым көшемен жүріп келеді. Тұрғындардың айтуынша, ауаның ластығын айтпағанның өзінде, мұндай соқпақ жолмен жүру зейнеткерлердің өміріне қауіп төндіріп отыр.

Берік Шыныбеков, 195-орамның тұрғыны: «Келісім жоқ, басқа жоқ, жолды қазып, дап-даласын шығарып кетті. Бір ай бойы жүгіріп, зорға дегенде шұңқырдың бетін жаптырдық. Бірақ, жапқаны мынау, көрдіңіз бе? Ең болмағанда тас төсемеген, біз, тіпті, үйге кіріп-шыға алмай қалдық қой?!»

 Енді тұрғындар жауын-шашын жауса не істерімізді білмейміз дейді. Себебі, қара шаңы шыққан жолдың жауыннан соң, балшыққа айналары даусыз. Ал қалалық әкімдіктің мамандары бұл мәселе жақын арада шешілетінін мәлімдеді. Көшенің барлық олқылықтарын жою жерасты газ құбырларын жүргізген мердігер компанияға жүктеліпті. Бірақ тұрғындарға тегіс тасжолмен жүру үшін әлі біраз уақыт күту керек. 

Мәлік Әбдінұров, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Бадам, 195-орамдағы 8 көшеде биыл асфальт төсеу жұмыстары атқарылып жатыр. Қазір екі көшедегі іс бітуге шақ қалды. Қалған жолды осы қазан айында бітеміз деп отырмыз. Ал осы 195-орамдағы Балауса көшесіне асфальт төсеу – ендігі 2014 жылдың жоспарында.»