Оңтүстікте автобус пен Ауди көлігі соғысып, 14 адам зардап шекті (видео)

370

Оңтүстік Қазақстан облысында Ванхол автобусы жеңіл көлігімен қақтығысып, тұрғын үйге соғылды. Соның салдарынан 5 адам ауруханаға жеткізілген.

Автобус үйге кіріп кеткен
Автобус үйге кіріп кеткен

Қайтпас-Машат жолының 15-шақырмында Қарасу ауылында кешкі сағат 20:35-те 22 жастағы жүргізуші басқарып келе жатқан Vanhol маркалы автобус Ауди автокөлігімен қақтығысып қалды. Автобустың ішінде 32 жолаушысы болған. Автобус Жібек-Жолы көшесіндегі тұрғын үйге соғылып, апаттың салдарынан түрлі жарақаттармен 5 жолаушы ауруханаға жатқызылды, 9 адамға сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Оқиға орнына Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдай департаменті өрт сөндіру қызметінің 5 техникасы мен жеке құрамының 25 адамы жұмылдырылған. Үйдің қабырғасы және шатыры, жалпы аумағы 20 шаршы метр жер қираған.

Алдын ала болжамға сәйкес, бұл апаттың орын алуына кінәлі Ауди жеңіл автокөлігінің жүргізушісі кінәлі. Ол алдындағы автобусты басып озбақ болыпты. Оң жақ жанынан келіп, жолын кес-кестеген жеңіл көлікпен соқтығып қалудан қашқан автобус жүргізушісі көлікті жедел бұрамын деп, жол жиегіндегі үйдің ішіне кіріп кеткен.

 Нұрсұлтан Тілеуов, жүргізуші: «Мен кетіп бара жатқан едім. Оң жақтан Ауди автокөлігі кесіп өтті. Мен көлікті тоқтатуға тырыстым. Бірақ 17 тоннаны оңай тоқтата алмайсың.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=jHhJF3pQOYk[/youtube]

Байсейіт Боранбаев, үй иесі: «Мен мына жерде отырғанмын. Кенет қатты дауысты естідім. Терезені ашып қарағанда автобустың жарығын көрдім. Артқа қашайын деген едім, автобустың астына кіріп кеттім.»

Жол апатына ұшыраған Шымкент-Алматы бағытындағы автобустың да, Ауди-100 жеңіл көлігінің де сау тамтығы қалмаған. Қазіргі таңда 4 жолаушы жансақтау бөлімінде жатыр.

 Наурыз Манапов, аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі: «Адамдардың аяқ-қолы сынған, жалпы төртеуінің жағдайы ауыр. Үшеуі жарақат бөлімінде жатыр. Милары шайқалған.»

Қазіргі таңда жол апатына не себеп болғаны анықталуда. Ал зардап шеккен үйдің тұрғындарына келтірілген шығынды кім өтейді деген сұрақ жауапсыз қалып отыр.