Коммуналдық мәселе күн тақырыбынан түскен емес

416
Тозығы жеткен жүйлерді жаңалау керек дейді басқарма басшысы Батырбек Көшербай

Оңтүстікқазақстандықтарды ауызсу, табиғи газ және электр жарығымен үздіксіз қамту күн тәртібінен түскен емес. Облыс әкімі бұл жолы ОҚО энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасының өткен жылы осы бағытта атқарған жұмысының есебін тыңдады.

Тозығы жеткен жүйлерді жаңалау керек дейді басқарма басшысы Батырбек Көшербай
Тозығы жеткен жүйлерді жаңалау керек дейді басқарма басшысы Батырбек Көшербай

Оңтүстік Қазақстан облысында сегіз жылда 146 елдімекенге су құбыры жүргізілген. Соңғы үш жылда 153 елдімекенге жаңа ауызсу нысандары, ал 38 елдімекенде тозығы жеткен су құбырлары қайта құрылыпты.

Батырбек Көшербай, ОҚО энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Талдау көрсеткендей, облыс көлемінде құбыр сумен қамтылмаған 264 елдімекеннің 155-і дербес су құбырларын салуды қажет етсе, 64 елдімекенде топтасқан су құбырларын іске қосу жоспарланған.»

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «2009 жылдан бері ауызсумен қамтуды көтеріп келеміз. Өзі қашан толығымен бітеді? Неліктен адамдар қажетінше, суды  тәулік бойы пайдаланбайды? Осыған талдау жасадыңыздар ма?»

Алаңдауға негіз бар, өйткені, тек топтық су жүйелерінен ауызсу таратуға республикалық бюджеттен 2012 жылы 333 миллион, ал былтыр 432 миллион теңге бөлінген. Алайда, қыруар қаржы бөлініп жатса да сусыз отырған ауылдар жетерлік. Негізгі себептердің бірі – Кеңес Одағынан бері тозығы жеткен жүйелер дейді басқарма басшысы.

Батырбек Көшербай, ОҚО энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Аудандарда әкімдер электр жарығын үнемдеу мақсатында тұрғындарға ауызсуды кесте бойынша береді. Сондықтан олардың жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс берудеміз. Жүйелердің басым бөлігі тозығы жеткен, жаңалауды қажет етеді. Басқарма тарапынан судың көзін табу, жобалық-сметалық құжат әзірлеу бойынша жоспарлы жұмыстар қолға алынған.»

Есеп беру жиынында монополистерге қатысты да сын айтылды. «ҚазТрансгаз Аймақ» АҚ жаңғырту бағдарламасы бойынша 8,1 миллиард теңгеге жоспарлаған жұмыстар аяқталды деп есеп берілген. Алайда, Шымкент қаласында бүгінгі күнге дейін құбырларды алмастыру, көшелерді қазу жұмысы толастар емес. Басқарма басшысы көзбояушылықпен айналысқан осындай монополистерді жауапқа тарту жөнінде облыс басшысына ұсыныс берді.