Олар оралған жоқ!

Соғыссыз өткен - 70 жыл.

Соғыссыз өткен – 70 жыл. 

Бұған дейін Ұлы Отан соғысы деп таңбаланған 1941-45 жылдардағы сұм соғысқа бүгінде түрлі дәреже беріліп, талқыға түсуде. Мәселе онда емес. Мәселе сол соғыста қаншама қазақстандықтың қаны төгілді. Біз сол жерлестерімізді білеміз бе?

Ұлы Отан соғысына барлығы 35 миллион адам қатысты, Орта Азия республикаларынан соғысқа 3 миллионға жуық адам қатысса, соның 1 миллион 366 мыңы қазақстандық еді.

Есіміздегі тізімді тізбектесек, Кеңес Одағының батыры атанғандардың өзін түгелдей алмасымыз анық. Ал өлгендері ше? Олар жайлы білетініміз аз. Қанға бөккен еуропа даласынан олар Қазақ топырағына қайта оралмады. Мақсаттары Жеңіс күнін жақындату болды. Соның жолында жанын құрбан етті. 

Соғыссыз өткен - 70 жыл.
Соғыссыз өткен – 70 жыл.

Соғыс жылдарында Қазақстанда 12 атқыштар дивизия-сы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы мен 50-ге жуық әртүрлі полк, батальондар құрылды.

Бір әулеттен аттанған төрт боздақ та оралмады. Осылайша бір әулеттің шамы өшті. Тұяқ қалмады. Бүгінгі бейбіт өміріміздің жолында олар осылай мерт болды. Қарақағаз арқалаған талай қазақ шаңырағы шайқалды. Хабарсыз кеткен ұлын, көкесін, атасын өмір бойы елеңдеп күткен, үмітін үзбеген талай тағдырдың да оты өшті. Оның өтеуі қандай болмақ?

Жанқиярлық ерлігі мен батырлығы үшін қазақстандық 96638 жауынгер бірнеше дүркін орден және медальдармен наградталды. 

Соғысқа қатысқан ардагерлер мен соғыс жылдарында тылда аянбай еңбек еткен ардақты ата-апаларымызды мемлекет тарапынан қолдау, қамқорлыққа алу жүйеленген игі тірлік. Жеңіс күнінде қоғам тарапынан олардың көзі тірісіне сәлем беріп, жағдайын сұрап қайту, сый-сияпат жасау да дәстүрлі іс-шараға айналған. Олар мұндай ілтипатқа лайықты. Қатары селдіреген ақсақалдарға қанша көңіл бөлінсе де, көптік етпейді. Дегенмен…

Соғыстан оралмағандар жайлы не білеміз? Олар кімдер еді? Келесі жылы 70 жыл толғалы отырған Ұлы Жеңіс мерекесінде олардың есімі әспеттелсе, ел таныса, білсе дейміз.

497 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың 97-сі қазақ. 142 жауынгер «Даңқ» орденінің толық иегері болды.

Сол себепті де, «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттері мен «Отырар» телеарнасының ұжымы «Олар оралған жоқ!» атты жаңа бастаманы көтеріп отыр. Егер сіз соғысқа аттанып қайта оралмаған азамат жайлы дерек білсеңіз, бізге хабарласыңыз. 

Соғыстан оралмаған азаматтың аты-жөні, суреті, қай әскери округтен шақырылғандығын толық жазып, редакциямызға (Шымкент қаласы, Н.Төреқұлов көшесі, 15-үй. Тел: 53-54-17) хат жолдауға мүмкіндігіңіз бар. Біз оны газет бетінде жариялай отырып, Жеңістің 70 жылдығына дейін арнайы топтама жасамақпыз. Сіз бен біздің бейбіт өміріміз үшін қасық қаны қалғанша майдан даласында арпалысқан азаматты осылайша мәңгілік есте қалдыруға тырысайық.

Соғыс кезінде 3,5 мыңдай қазақстандық партизан отрядтарының құрамында болды. 

Біздің бұл бастамамызға журналист әріптестеріміз де атсалысып, әсіресе, аудандық БАҚ-тағы тілші қауым қолдайды деген сенімдеміз. Облыстық Ардагерлер Кеңесінің де бұл орайда игі бастамамызды қолдап, қуаттап, жауапты жүкті арқаласады деген үмітіміз бар. 

Солай болған жағдайда ауылдағы ағайын соғысқа аттанып қайта оралмаған туысы жайлы ақпаратты аудандық ардагерлер кеңесіне жолдауына да мүмкіндігі туған болар еді. Бұл өскелең ұрпаққа кешегі ата-бабамыздың ерен еңбегін дәріптеу үшін, өткенді ұмытпау үшін қажет.