Сарыағаш тұрғыны 4 баласын сатып жіберген

354

Сарыағаш ауданының тұрғыны өзінің төрт бірдей баласын сатып жіберген. Тасжүрек ана өз перзенттерін сатып алушы адамдарды Құркелес ауылындағы акушерлік бекетте жұмыс істейтін медбике арқылы тауып отырған. Бұл жаға ұстатарлық фактіні прокурорлар анықтады. Безбүйрек әйел 8 жасар қызын бар болғаны 30 мың теңгеге саудаласа, одан екі жас кішкентай ұлын 40 000 теңгеге пұлдаған.

Тағы бір ұлын 30 мың, ал 3 жасар бүлдіршінді 120 000 теңгеге бағалапты. Диас есімді баланы сатып алған азаматша нәрестені қайтып келіп бергенімен, анасы еш шімірікпестен оны тағы басқа адамға 60 мың теңгеге сатып жіберіпті. Прокурорлар жүргізген тексеру барысында әйелдің сол ауылдағы бір азаматпен 8 жыл бойы азаматтық некеде тұрғаны анықталды. Қазіргі таңда сатылған баланың біреуі табылған. Ал қалғандарын кім сатып алғаны және балалардың қайда жүргені тексерілуі үстінде.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=thbd5QWYjlk[/youtube]

Сондай ақ, облыс прокурорының орынбасары 16 жеткіншектің өліміне қатысы бар күдіктінің түрмеден босатылғаны туралы ақпаратқа түсінік берді. Еске салсақ, қаңтардың ортасында Байтұрсынов көшесінің бойындағы «Шымкент» бизнес орталығының маңында белгісіз біреулер атқан оқтан ауыр жаралаған бозбала ауруханада есін жимаған күйі қаза болған еді. Сол кезде Әл Фараби полиция бөлімінің басшысы осы қылмысқа қатысты жігіттің ұсталғанын мәдімдеген болатын.

Ал прокурорлар ол ақпаратты жоққа шығарды. Айтуларынша, осы қылмысқа қатысты екі жігіт қана қолға түскен. Оның бірі оқ атса, екіншісі көліктің тізгінінде болған. Абақтыдан ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылғаны – сол қылмыс орнына көлікті басқарып барған азамат екен. Бұл екеуінен бөлек осы қанды оқиғаға қатысты тағы да бірнеше адамға қазір іздеу жарияланған деп түйіндеді сөзін Әбіл Қожахметов.