Шымкенттік ЖОО студенттері де Ұлыстың Ұлы күнін арқа-жарқа тойлады. Қаланың орталығына киіз үй тігіп, мерекенің мерейін асырды.
«Руханият», «Бәйтерек», «Сал-серілер» және «Жастар ауылы» сынды киіз үйлер алыстан-ақ көз тартады. Сонау ықылым замандағы қазақтың тыныс-тіршілігін еске салады еріксіз. Біз арасынан «Жастар» ауылына арнайы бұрылуды жөн көрдік.
«Жастар» ауылында байырғыша сал-серілер ән айтпаса да, бүгінгінің өнерлі жастары ауылдың ажарын ашуда. Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесіне барынша дайындалған. Ұлттық тағамдарға толы мерекелі ақ дастархан жайылған. Дөңгелене отырған жастар ұлттық нақыштағы киім киюді де ұмытпапты.
Қабыл Батырхан, жас әнші: «Бүгін ұлттық ою-өрнектерге көмкерілген шапан киіп, көптің алдында өнерімді отаға салып жатырмын. Халқымыздың жыр-термелерін орындап, насихаттау — біздің міндетіміз деп білемін. Осы орайда айта кетейін, біз ұлттық киімдерімізді тек осы наурыз мерекесінде есімізге аламыз. Сол кезде киеміз. Өкінішті әрине. Негізі әрдайым осылай шапан, шекпен киіп жүрсек болады ғой. Киімдерді заманауи үлгілермен шығарып, костюмнің иығына ою салып неге кимеске?! Мәселен, көршілес өзбектер ала тақиясын басынан тастамайды».
«Жастар» ауылының аға би ақсақалдары да жоқ емес. Өскелең ұрпаққа ақ батасын беріп, парызын өтеді. Тіпті өсиет айтып, жаңа жылдың жарылқауын тілейді. Ауыл тұрғындарының көңілі шат. Киіз үй қонақтарға толы. Құр отырмай сый-кәделерін тарту етті. Осылайша салт-дәстүрді насихаттады. Ал келіндері әдептен аумай, ақ дастархан жайып, үлкен-кішіге сәлем салуды ұмытқан жоқ. Үйге несібесін арқалап келген қонақтарға шәй құйып, құрмет көрсетіп жатты.
Мейрам Ақберен, «Жастар» ауылының келіні: «Мен осы ауылдың келіні ретінде келген қонақтардың қолына су құйып, ас-ауқатын дайындап, құрмет көрсетуім керек деп ойлаймын. Наурыз көжеден үлестіріп, тәтті бауырсақтарды да дайындап үлгердім. Әз наурызды бір жыл бойы күттік, сондықтан асыр салып тойлауымыз да маңызды».
Ал бұл кезде тыстағы жастар да мерекенің көркін қыздырып, тойлап жатты. Алтыбаққанның әлегі өз алдына. Әткеншек тепкен жастар мәз-мейрам. Арасында алғаш рет алтыбақан тебушілер де болды.
Алтынбек Бекбауов, қала тұрғыны: «Мен алтыбақанның мұншалықты қызық ойын екенін білмеппін. Тамаша, маған ұнады. Алдағы уақытта осындай ұлттық ойындарымызды дамытуымыз қажет».
Ақ жаулықты әжелеріміз де салт-дәстүрдің көркін ашып, мәртебесін көтерді. Шілдехана той жасап, бүлдіршінді бесікке бөледі. Айтуларынша, шақалақты бесікке жатқызудың да өзіндік салт-жоралғылары бар.
Қалдықыз апа: «Бесік — адамның болашағының бастауы. Сондықтан баланы кішкентайынан бесікке жатқызып, салт-дәстүрге баулыған жөн. Бесікке баланы жатқызбас бұрын, алдымен ырымдап аластап алады. Бесіктегі жастықтың астына айна мен тарақ қояды, баланың көркі сұлу, мейрімді болсын деп. Сосын пышақ қойылады, пышақтай өткір болсын деген ниетпен. Бесікке 9 қабат жабу жабады. Мұның үлкен маңызы бар. Бұл — баланың қорғаны болып есептелген».
Бұдан бөлек, «Қыз ұзату», «Беташар», «Тұсаукесер», «Сүндет той» дәстүрілеріміз ғана емес, ұлттық ойындарымызды да жастолқын дәріптеп жүр. Ақ түйенің қарны жарылған күн осы болса керек.