«Палуандардың 95 пайызы ауылдан шығады»

Белай Рахымбаев, ОҚО бойынша қазақша күрестен жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушы
Белай Рахымбаев, ОҚО бойынша қазақша күрестен жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушы
Белай Рахымбаев, ОҚО бойынша қазақша күрестен жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушы

– Белай аға, сізді оңтүстік жұртшылығы қазақ күресінің бапкері, төрешісі ретінде жақсы біледі. Ұлттық спорттың кең таралуына үлес қосып жүрген санаулы кісілердің бірісіз. Айтыңызшы, қазақ күресі қазақ топырағында қаншалықты кең тараған? Қай өңірдің спортшылары ерекше мақтауға ие? 

– Ұлттық ойындарымызды зерттеп жүргендер қазақ күресінің тарихын сонау орта ғасырлардан бастау алады деп жүр. Расымен де қарап отырсаңыз, қазақтың халық ауыз әдебиетінде қазақ күресі туралы мәліметтерді жиі кездестіруге болады. Батырлар жырында, басқа да әдеби шығармаларда палуандардың сайысы баяндалған. Бұдан шығатын қорытынды қазақ күресі сонау ықылым заманда пайда болып, еліміздің түкпір-түкпіріне тарады. Соның айғағы болар, қандай болсын жарыстарда елдің барлық өңірлерінен палуандар келеді. Барлық облыстарда сайдың тасындай айлалы палуандар бар.

Шынын айту керек, қазақ күресі тәуелсіздік алғаннан кейін ғана өзінің екінші тынысын алды. Дамудың сара жолына түсті. Жер-жерлерде ұлттық спортқа үйрететін мектептер ашылды. Әлі де ашылып жатқандары бар. Жарыс демекші, қай өңірдің палуаны мықты екені дәл осы жарыстарда, турнирлерде, біріншіліктерде білініп жатады. Бүгінде қазақ күресі ерекше дамыған облыс ретінде Шығыс Қазақстан мен Жамбыл облысын айтар едім. Сосын, өзіміздің Оңтүстіктің палуандары да ең айтулылардың қатарында.

– Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы турнирді қазақша күрестің олимпиадасы деуге келеді. Бірақ кейде төрешілердің кейбір палуандарға бүйрегі бұрып, соны қалайда жеңімпаз еткісі келетінін естіп қаламыз. Осындай бұра тартушылық қазақ күресінің кежегесін кейін тартып жібермей ме?

– Иә, ондай жағдайлар болып тұрады. Бірақ, дәл сіз айтқан Қажымұқан атамыздың турнирінде ондай жағдай орын алған емес. Күресте кімнің жеңетіні, кімнің жеңілетіні кілемде шешіледі. Оны төрешінің екі көзінен өзге көрерменнің мың көзі бақылап отыр. Сол себепті де, ондай бұра тартушылыққа төрешіден бастап, көрерменнің өзі де мүмкіндік бермесі анық.

Десек те, ондай жағдайларға өзіміз де куә болғанбыз. Мәселен, өткен жылғы қазақ барысын анықтауда төрешінің әрекеті көпшіліктің көңілінен шықпады. Бейбіт жеңді деп қолын бір көтерді де, сәлден соң Бейбіт жеңілді деп тағы шықты. Күрес заңдылығы бойынша алғашқы шешім сол күйінде қалуы тиіс. Бірақ өкінішке қарай олай болмады. Төрешінің кінәсінен тараздық палуан жарыстан шығып кетті. Ол жарысқа біз де палуанымызды апардық. Тағы да сондай қайталана ма деп едік, бағымызға орай үздік үштіктен көріне білдік.

– Қазақша күрестен ҚР Президентінің жүлдесі, Азия біріншілігі сияқты байрақты бәсекелер дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүр. Оған әлемнің жүзге жуық елі қатысып келеді. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл әлем қазақша күреспен етене танысты. Бәрі біледі. Қызықты спорт түрі екенін мойындады. Сұрайын дегенім, енді осы ұлттық спортымызды Олимпиада ойындарының қатарына кіргізуге мүмкіндік бар ма? Бізде осыған қатысты нендей шаралар жасалуда?

– Ол бәріміздің арманымыз ғой. Бүгінгі таңда сол бағытта үлкен жұмыстар істеліп жатыр. Әсіресе, шет мемлекеттерге қазақ күресін таныстыру бойынша аянып қалып жатқанымыз жоқ. Әлем біріншілігі, әртүрлі кубоктар мен жарыстар ұйымдастырылуда. Еліміздің түкпір-түкпірінде қазақ күресіне ден қойғандардың қатары қалыңдап келеді. Бізге әлі де болса ұлттық спортымызды әлемдік деңгейде насихаттай түсуіміз керек.

Қазақ күресінен өтетін әлем және Азия чемпионаттарына қатысушы елдер саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Біздер сол елдерге барғанда дискіге жазылған күрес тәсілдерін көрсетіп, үйрету жұмыстарын жүргізудеміз. ФИЛА-ның құрамына қазақ күресінен бес төреші кірді. Олар арнайы сертификаттарға ие болады. Құдай бұйыртып жатса, қазақ күресі Олимпиада ойындарының бірі ретінде тіркелуі тиіс. Бүгін-ертең деп айту қиын шығар, десек те 10-15 жылда оң нәтижеге қол жеткізетінімізге сенімдімін.

– Ауыл-ауылда дарынды спортшылар көп дегенді жиі айтамыз. Расымен де солай ма, әлде біз ойлағаннан әлдеқайда аз ба?

– Жоқ, дарынды жастар бізде өте көп. Әсіресе, жеңіл салмақтарда. Және тағы бір айта кететін нәрсе, палуандардың 95 пайызы ауылдан шыққан балалар. Үлкен жарыстарға да барып жүр. Біздің өрендер әрдайым жоғары нәтижелерден көрініп келеді. Оны мақтанышпен айта аламын.

– Әр бапкердің сүйікті шәкірттері болады ғой. Сондай палуандарыңыз бар ма?

– Шынын айтсам, мен үшін барлық шәкіртім бірдей. Бөліп жарғым келмейді.

– Сонда да, ішіңіз қалап тұратын, бәрінен айлалы палуандарыңыз бар шығар?

– Айтпасыма қоймадыңыз (күліп), иә, өте айлалы, дарынды палуандар қай жерде болса да ерекшеленіп тұрады ғой. Сондайлардың бірі деп әйгілі палуанымыз Жұманазар Ерсұлтановты, Сабыржан Әбілдаұлын, Нұрзат Бегасыловтарды айтар едім. Бұлар нағыз сен тұр мен атайын дейтін әккі спорт шеберлері.

– Қазақ күресінің басқа күрес түрлерінен айырмашылығы мен артықшылығы неде?

– Қазақ күресінде шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады. Адамның ептілігі мен жылдамдығы, шымырлығы мен ой жүйріктігі басым па-луандар жеңіске жетеді. Бұл күні палуандар тек алпауыт алпамсадай азаматтар ғана емес, орта салмақты, арықша келген азаматтар да бола алады. Себебі мұнда ең бастысы сенің жігерің мен ұмтылысың.

Қазақ күресі адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзім-ділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Адам тек физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да баии түседі. Ой жүйріктігі дамып, тек спортта ғана емес, өмірдің қатал соққысында да дереу шешім қабылдауға дағдыландырады, тәрбиелейді. Сондықтан қазақ күресі тек қара күш қана емес, асқан білім мен ой жүйріктігін иемденеді. Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады. Адамның бойында өзіне деген сенім мен үміт қатар лаулап, үлкен жігер сыйлайды. Бұл санаңның тазаруы мен жетілуіне бастар алғышарт. Теріс ойлар мен қара пиғылды санадан арылтып, жағымсыз әдеттерден аулақ ұстайды.

– Елуден асқан кісіні қазақта ел ағасы дейді. Сіз Оңтүстікке, соның ішінде Ордабасы ауданында қазақ күресін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматсыз. Таяу уақыттары туған жерге барып, сол жерде қазақ күресін одан әрі дамыта түсу, мектеп ашу сияқты ойыңыз жоқ па?

– Иә, елуге келдік. Ордабасы менің туып өскен ауданым болғандықтан, туған жерге барып, қазақ күресін үйрететін үлкен бір мектеп ашқым келеді. Алладан бұйрық кеп жатса, ол күнге де бір жетерміз. Қарап отырсам, бүкіл саналы ғұмырымды осы қазақ күресіне арнаппын. Сонау 90-шы жылдардан бастап шәкірт тәрбиелеумен, байрақты бәсекелерде төрешілік етумен жүрмін. Құдайға шүкір, шәкірттерім ұятқа қалдырып жүрген жоқ. Барған жарыстан олжасыз қайтпайды. Менің негізгі мақсатым – елдің атын асқақтататын палуандарды тәрбиелеу, әртүрлі додаларда өңіріміздің абыройын асыратын қыз-жігіттердің қатарын көбейту. Бір сөзбен айтқанда, күш-қуатымыз жеткенше қазақ күресін өркендетуге аянып қалмақ емеспіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Дәурен ӘБДІРАМАНОВ