16-мамыр күні Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен көркемсурет галереясының базасында өткен жас суретшілердің «Оңтүстік өрістері» атты облыстық симпозиумы өз мәресіне жетті.
Сағат 11:00-де симпозиумның барысында көркемсурет өнерінің шеберлері дөңгелек үстел өткізді. Онда алматылық белгілі жас суретші, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, ҚР суретшілер одағының мүшесі Сауытбеков Нұржан симпозиумға байланысты баяндама оқыды. Бұған қоса суретшілер еліміздегі қазіргі заманғы көркемсурет өнерінің мәселелерін талқылап, пікірлесті және өзара тәжірибе алмасты.
Жиырма суретші Оңтүстік Қазақстан облысының көзтартар орындарын бейнелеу барысында 92 шығарма салды. Барлық жұмыстар енді облыстық көркемсурет галереясының қорына тапсырылды.
Сағат 15:00-де қылқылам шеберлеріне облыстық мәдениет басқармасы мен көркемсурет галереясының басшылығы арнайы диплом және 100 000 теңге стипендиясын тапсырды.