«Тема не? Тема…»

Қазіргі жастардың тек жүріс-тұрысы, киім киісі ғана емес, олардың тілі де өзгешеленіп барады. Ана тіліміздің өте бай сөздік қорындағы сөздерді аздық еткендей орыс тілін шұбарландырып, жаргон сөздер жасап алған. Негізі қандай да бір қызығушылығы ортақ ортада ғана қолданылатын жаргондар бүгінде қазақ лексиконына еніп бара жатқандай. Кез келген тілдің лексикасы әдеби және бейәдеби болып екіге бөлінетіні белгілі. Осы бейәдеби тілге жастардың жаргондарын жатқызуға болады.

21-035

Таңертеңнен кешке дейін әлеуметтік желілерде отыратын жастар шұбыртып жазуға еріне ме, әйтеуір қысқа, жаргондатып жазуға құмар. Ол қалай дейсіз ғой? Мәселен, «агент» әлеуметтік хат алмасу бағдарламасындағы қазақ пен қазақтың сөйлескен мына бір диалогын оқып көріңіз:

« – Хай!

– О салют!

– Каксын?

– Тема, озин как?

– ОК го. Нестеватсын?

– Откан. Озин ше?

– Кинога баражатырм. Тартылсай.

– Кумаш, мен универдемин го».

Өз туған тілін егжей-тегжейлі білмей жатып, өзгенің тіліне жармасқан жастардың мына сөздерін оқып, өзегіңіз өртенері рас. Оның үстіне «агент» бағдарламасында қазақ тілі енгізілмегендіктен, жастар «қ»-ны «к»-мен, «ң»-ді «н»-мен, «і»-ні «и»-мен ауыстырып, онсыз да оңбай тұрған сөздерін одан да асыра түсуде. Өкініштісі, уақыттың көп бөлігін әлеуметтік желіде өткізетін олар сол сөздердің дұрыс жазылуын да ұмытып бара жатқандай. Орфография ережесін ұмытып, жазуда да, сөйлеуде де «орфоэпия» заңдылығына бағынуда. Жастардың күнделікті қолданып жүрген жаргондарынан мынадай сөздерді де кездестіруге болады. Мысалы: «тормозы ұстап қалды» – бір жағдайдан шешім таба алмай қалды, осыған синоним ретінде «зависать етіп қалды» деген де тіркес бар, «типаж болу», «блатной болу» – менменсу тіркесімен байланысты, «маяк тастау», «гудок тастау» – қысқа ғана қоңырау шалу, «вызов тас-тау» – кездесуге (разборка) шақыру, «құлаққа лапша ілу» – өтірік алдау, «базар жоқ» – сөз жоқ, «мына қыз маған сынды» – мені ұнатып қалды, «қораға кірді» – басы бәлеге қалды, «лақтырды» – сөзінде тұрмады, «қоянның суретін салып кетті» – қашып кетті, т.б. Айта берсең, ұзын-сонар бұл тізімнің таусылар түрі жоқ. Міне, жаһандану заманындағы ешбір сүзгіден өтпеген ақпараттар тасқынының жастардың санасын қалай улап, көзін тұмандандырып жатқандығының көрінісі осы. Әлеуметтік желідегі кез келген бағыттағы қолжетімді сайттар, кабельді телеарналардағы шетелдің сансыз арналары мен бағдарламалары, компьютерлік ойындар, бәрі де осындай паразит сөздердің туындауына себепші болып отыр. Дүкеннен ішіп-жейтін бір нәрсе ала келші дегенді – «Магазиннен сущняк, хавчик ала келші», кешке біздің ортаға қосыл дегенді – «если че кешке бізге тартыл», ақша талап етті дегенді – «братандар счетчик қойып кетті» деп айтып жүргендерді де құлағыңыз шалса керек. Бірақ, өкініштісі дәл осы сөздерді естігенде, «Балам, (қызым, сіңілім, інім) қазақ тілін қорлағаның не? Қазақтың әдемі сөздері тұрғанда, бейәдеп мұндай сөздерді қолданып қайтесің?» деп ақыл айтатындар көп емес. Ешкім өзге үшін бас қатырғысы келмейді. Алайда, ана тілінің болашағына ұлт тағдыры мен еліміздің ертеңі байланыс-ты екенін біле бермейміз. Тіл үшін күресіп, ана тіліміздің құндылығын дәріптеген кешегі Алаштың арыстары бүгінгі ұрпаққа қазақ тілін аманат етіп кетті емес пе? Ал кез келген қоғамның ең белсенді бөлігі саналатын жастарымыздың сөйлеу мәнері мен санасы осылай сайраса, біз қайда бармақпыз? Әріптері түсіп қалған немесе қысқарған жаргондардан бөлек, кәдімгі сөйлеу стилімізде де орыс тілінің компоненттері шұбырып жүр. Мәселен, копировать ету – көшіру, сохранить ете сал – сақтап қой, кухнядан посуда ала кел – асханадан ыдыстарды ала кел, комнатамдамын – бөлмемдемін, т.б. Мұндай мысалдарды да қазақ тілінің қадір-қасиетін қорлау деп айтуға болады. Өзге емес, өз қолымызбен тілімізді лайлап, шұбарландырып жүргеніміз көпшілігіміздің санамызда намыс пен ұлттық рухты оята алмай жүргендігі өкінішті-ақ.

21-036

Жаргон сөздердің аудармасы:

Жынды, тентек (көбіне зат сипатын білдіреді) – керемет зат

Толпамен келу – көпшілікпен келу

Косякқа кіру – ыңғайсыздыққа тап болу

Шпоры жасау – жауап парағын дайындау

Капустаға қарау – материалдық жағдайын ескеру

Жылауық – қызғаншақ, іші тар

Ауру – адамға маза бермейтін адам

Қуғынбай – артық сөйлеп кеткен адам, мылжың

Сасымашы – босқа сөйлеме

Крышасы бар – қолдау көрсететін адамы бар

Қырқу – тығырықтан шыға білу, қиыншылықтан шығу

Миды шіріту – көп сөйлеу

Картопты жарып айтты – барлығын аузына қаратты

Сағызша шайналды – жауап таппай дал болды

Ала көзімен стрелять ету – бір адамға қадала қарау

Мамка – батя – ата – ана

Хавчик – тамақ

Босс, шеф – бастық

Читалка – оқу залы

Препод – мұғалім, ұстаз

Общяга – жатақхана

Инет – ғаламтор жүйесі

Қыртты – мезі етті

Аташка – ата

Ажека – әже

Потеря болу – әбігер болу, елеңдеу, қобалжу

Ёёё мае – мәссаған, пай – пай

Тема – керемет, тамаша

Басты қатырма – миды ашытпа

Рулить ету – басқару

Охота емес – зауқым жоқ

Фигурасы ат екен – сымбатты екен

Жыртты, айырды – елді өзіне қаратты

Центр внимание болдық – бәрінің көзі бізде болды

Тачкаң құтты болсын! – көлік құтты болсын!

 

Нұршат Төкен, журналист

– Лингвоэкология ғылымында тіл басқыншылығы деген ұғым бар. Бөгде тілден енген сөз ана тіліміздің тілдік аурасын тарылта түседі. Бұл көбінесе әлеуметтік желілерде, түрлі терминдерді қызық үшін өз икеміне иілдіріп алатын топтар арасында белең алған. Мәселен, қазақ тілді интернет пайдаланушылар арасында «Лібә», «банға жіберу», «кипила», «доика» т,б сөздер толып жатыр. Ол тек осы ортаға түсінікті тіл. Тілімізден күніне орташа есеппен 4-5 мың сөз шығады делік. Оның қаншасы өзіміздікі? Жеке пікірімше, оның 40-50 пайызы өңірде жасап жатқан өзге этнос-тар мен әлемге ықпал етіп етіп отырған халықаралық тілдердің терминдері. Бұл бірінші кезекте тілдік шұбарлануды тудырады. Кейіннен тіл шұрайлылығы сынды ең қымбат асылдан айыратыны белгілі.

Ботакөз Серікова, оқытушы

– Жастар арасында қолданылатын көңілге қонымсыз, құлаққа жат жаргон сөздер бүгінде олардың санасын улап бара жатыр. Мұны олардың сөздік қорының аздығынан дейміз бе, әйтеуір нәрсіз сөздер белең алып тұр. Сұлу қыз, әдемі көлікті көргенде жастар көбіне «жынды қыз екен», «жынды көлік екен» деп таңданып жатады. Мұны кешегі көнекөз қариялар естісе, «тәйт, жын деп айтпа, пәле-жәле үйір болады» деп тыйып тастар еді. Өйткені жын араласу деген жақсы емес! Осыған төтеп бере алатын қазақы тіліміз мен ата-бабамыздан қалған салт-дәстүріміз. Тіл тазалығын, тіл мәдениетін сақтау үшін баланы жастайынан дұрыс сөйлеуге үйрету керек.

Гүлнұр Сәтбаева