Абай саябағының рәмізіндей болған әткеншек орнында жоқ. 30 жылдан бері бала біткенді 70 метр биіктікке самғатып, бүкіл шаһарды көктен тамашалатып келген қондырғы қайда жоғалды? «Қолды» болған әткеншектің кейінгі тағдыры жайлы http://kz.otyrar.kz/ тілшісі сұрап білді.
Абай саябағына қазір бас сұқсаңыз сұрқай көрініске тап боласыз. Ширек ғасырдан астам бала біткенді көкке көтеріп, қуаныш сыйлаған алып әткеншектің орны қаңырап, бос тұр. Саябақтың «бас рәмізін» құдды біреу ұрлап кетті дерсіз.
Өткен жылы ғана Кеңес кезінен қалған көнеге 30 жыл толған. 10 жыл — «Орталық саябақта», 20 жыл — «Абай саябағында» шаһар жұртшылығына менмұндалап тұрған карусель бүкіл қаланың мақтанышы еді. Сөйтсек, «жоғалтып» алған әткеншектің қолдану мерзімі түгепті. Тіпті, ахуалы апатты жағдайға дейін жеткен. Сондықтан жауаптылар орнына жаңасын қоямыз деп шешіпті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=gNhgojcLEM0[/youtube]
Назира Сыбанқұлова, «Шымкент жасыл қала» ЖШС-і директорының орынбасары: «Ескі әткеншекке ойната алмаймыз. Өйткені, адам өміріне қауіп төнеді. Қондырғының бәрі орнынан қозғалып тұр. Бір-екі рет карусельді іске қосқанымызда тоқтап қалған кезі болды. Сол үшін оны орнынан алмауға болмады. Алдағы уақытта олардың орнына қазіргі заман талабына сай аттракциондар қойылады. Олар бюджеттен бөлінген қаржыға, болмаса, шеттен тартылған инвестицияға орнатылады. Ол мәселе қазір қарастырылуда».
Саябақтан бұзылып алынған бір әткеншек тек бұл емес. Өткен жылы аталған мекеменің мамандары мұнан бөлек 8 ойын-сауық қондырғысын бұзып әкетіпті. Белгілісі — шөп басқан әткеншектердің орнын болашақта заманауй үлгідегі әткеншектер баспақ. Бірақ оған қалалық бюджеттен қашан қаржы бөлінері белгісіз.