Арыста сүт фермасы ашылды

696

Арыс қаласы, Ақдала ауылдық округінде  «Қазына жер ЛТД»  ЖШС-ның сүт-тауарлы фермасының бірінші кезеңі іске қосылды.  Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асқан жобаның құны – 1 220 миллион теңге.

Жоба толығымен іске қосылғанда жылына 5 200 тонна шикі сүт шығаратын болады. Фермада 36 жаңа жұмыс орны құрылған. Биылғы жылы шаруашылық 53,5 тонна сүт өндірген.

Дайындалған өнімнің 47,3 тонна  қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтілсе, 6,2 тонна  өндірістік тұтынуға өткізілген. Фермаға Канададан 400 бас асыл тұқымды қара-ала голштин құнажындары әкелінген.

Қазіргі таңда осы құнажындардың 147 басы көбейіп, күніне 2900 литр сүт беруде. Әр сиырдан орта есеппен 20 литрден сүт сауылады. Жыл соңына дейін аталған елден тағы да 400 бас құнажындар әкелініп жоба толығымен іске қосылатын болады.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде әрекеттегі сүт өңдейтін кәсіпорындардың жұмысы жанданып, сауда желісі және қоғамдық тамақтандыру орындарын сапа мен баға жағынан бәсекеге қабілетті сүт өнімімен қамтамасыз етілмек.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Pl1DCKv6OdU[/youtube]

Жобаға «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жеткізілді. Сонымен қатар, Арыс қаласы әкімдігі тарапынан мал азығымен қамтамасыз ету үшін «Қазына жер ЛТД» ЖШС-не 1405 гектар суармалы және жалпы көлемі 1000 гектар жайылым жер берілген.

Жалпы, үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Арыс қаласында 42 жоба жүзеге асырылып, 73 жаңа жұмыс орны ашылған.