Леңгірде жастар атысып, оқушы жарақаттанды

229

Жастар арасындағы кикілжің атыспен аяқталды. Төлеби ауданының орталығы Леңгірде мектеп оқушылары мен студенттер аралас екі топ кімнің күшті екенін шешпек болған. Жігіттер жауға шабардай қару-жарақпен келіпті. Әу бастан әңгімелері жараспаған соң жиналғандардың біреуі қарсы топқа қарай оқ атқан. Соның салдарынан, 11-сыныптың оқушысы басынан жарақат алып, ауыр хәлде ауруханаға түсті.

006

Жастардың айтуынша, Леңгірдегі № 1 және № 2 мектептің арасындағы кикілжіңнің келе жатқанына біраз жыл болған екен. Бұл жолы да қос мектептің бірнеше түлегі өзара мықтыны анықтамақ болыпты. Кешкісін төрт-төрттен жиналған екі топ қаруларын беліне байлап, кездесуге келген.

Шыққан атыстың салдарынан 16 жасар оқушы ауыр хәлде қалалық ауруханаға жеткізілді. Басынан жарақат алған ол бірнеше күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, жақында жалпы палатаға шығарылған. Ұлының ауыр жағдайда төсекке таңылғанын ата-анасы білмейтін болып шықты. Олар шетелге демалуға кеткенде ұлы осы жағдайға ұшырап отыр.

Дәулет Мұсаев, Леңгір қалалық ауруханасының бөлім меңгерушісі: «Түскен кезде жағдайы ауыр, өйткені басына атылған бытыра оғы тиген. Төбесіне, маңдайына, шекесіне және оң қолының бірінші саусағына тиген. Олардың бәріне операция істеп, бытыра алынды. Қазіргі уақытта жағдайы ауыр.»

11-сыныпта оқитын Айдостың мұғалімдері бұл оқиғадан кейін ата-аналармен әңгіме жүргізіпті. Енді бұл мектептің бітіруші сыныптарына кешкі уақытта жүруге тыйым салынады. Мұны ата-аналар жіті қадағалауы қажет. Әйтпесе Леңгірде жүру аса қауіпті болып кеткендей. Себебі, көшедегі жанжалға қатысқан 8 жігітте 7 қару болыпты. Ал олардың екеуінің жасы 18-ге де толмаған.

Байбол Анефияев, Леңгір қаласы прокурорының орынбасары: «Жәбірленуші жақтан қазіргі таңда 3 шолақ мылтық пен бір жарақат салатын қару алынған. Күдіктілер ұсталып отыр. Олардан 3 шолақ мылтық алынған.»

Шолақ мылтықтан оқ атып, оқушыны жаралаған жігіттің де жасы небәрі 17-де болып шықты. Шымкенттегі колледждердің бірінде оқитын ол Леңгірге келген екен. Қазір сезіктіні полицейлер жолдастарымен бірге тергеп жатыр. Ал басынан жарақат алған жеткіншек әлі бір айдай ауруханада жатуы тиіс.