Романсиада байқауы облыстық дәрежеден халықаралық деңгейге жетті

452

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы «Южный Казахстан» газеті бас редакторының орынбасары Кеңес Исмаилов және опера әншісі Әйгерім Темірбекова:

– Күні кеше халықаралық романсиада байқауы өтті. Осы байқаудың ұйымдастырушысы «Южный Казахстан» газеті мен Славян ұлттық мәдени орталығы. Жалпы байқауды ұйымдастыру қалай басталып еді?

Кеңес Исмаилов:

– Биыл қазақ романсиадасы байқауын 20-шы рет өткізіп отырмыз. Осыдан 20 жыл бұрын романсиада «Южный Казахстан» газетінің кішігірім қалалық романстар кеші ретінде басталған. Редакцияның акт залында өтетін. Кейіннен облыстық, одан республикалық дәрежеге жетті. Осыдан 15 жыл бұрын Мәскеуде өтетін халықаралық романсиаданы ұйымдастырушы Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі Галина Преоброженская бізге хабарласып «осы Шымкент қаласында Орта Азия елдерінің арасындағы іріктеу байқауы ретінде өткізсеңіздер» деген өтінішін білдірді. Шымкентте өтетін кішігірім романсиада байқауы Орта Азияда өткізілетін үлкен халықаралық байқаудың іріктеу байқауы дәрежесіне көтерілді. Биыл 20-шы рет кең көлемде өткіздік. 1300 көрермен залы бар Түркістан сарайында гала концерті өтті. 45 қатысушы болды. Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстаннан үміткерлер қатысты. 16 жастан жоғары қарай қатысуға мүмкіндігі бар. Көп жылдан бері Гран приді ала алмай келе жатқанбыз, биыл жүлде Шымкентте қалды. Опера театрының әнішісі Бекзат Садықов Гран при иегері атанды. Әділ қазыларымыз салиқалы, салмақты. Әр мемлекеттен өкіл отырады. Өзбекстаннан Аваз Раджапов, Қазақстаннан атақты Халық әртісі Шахимардан Абилов төрелік етті.

Әйгерім Темірбекова, опера әншісі:

– Бұған дейін балалар арасындағы романс орындаушыларының былтыр өткен байқауының бас жүлдегерісің. Биыл алғаш рет ересектермен бірге үлкен байқауға қатыстың. Биылғы қадам қалай басталды?

– Ең жас қатысушы ретінде маған «Үміт» номинациясын беріп отыр. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Қазақ романсиадасы үлкен дәрежеге жетіп, ары қарай өрлей беруіне тілектеспін.

– Екі-үш апта бұрын Парижден халықаралық фестивальден оралдың. Димаш Құдайбергенмен бірге өнер көрсеттің. Осы туралы айта отырсаң…

– Парижге баруым Алматыдағы «Балалар әлем ырғағында» байқауынан басталды. Оның ұйымдастырушысы ЮНЕСКО қоры және «Тұңғыш Елбасы қоры» болды. Қазақстаннан 2000 қатысушыдан 24 қатысушыны іріктеп алды. Алматыда үлкен концерт болды. Осы байқауда ән айттым. Париж қаласына 8 үміткер жолдама алған болатынбыз. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын шетелдерде насихаттау мақсатында өткен болатын. Оған еліміздің атақты әншілері де қатысты. Сүндет Байғожин, Майра Мұхамедқызы, Салтанат Ахмотова қатысты. Концерт өте жоғары деңгейде өтті. Франциядағы қазақ көрермендері, келіп тыңдап, қошемет білдірді. Димаш Құдайберген ағамен бірге ән айтқаныма қуаныштымын. Финалдық концертте «Қазақстан» әнін орындадық. Үлкен әншілердің алдында ән айтып, батасын алдық.

Кеңес Исмаилов:

– Ең бастысы тәжірибе ғой. Осы байқауға қатысқан үміткерлердің ең басты жетістігі – атақты әртістер келді, солардан шеберлік сабағын алды. Шахимардан Абилов Астанадағы опера театрындағы қазақтың ең мықты Абайын сомдаған мықты әртіс. Алматыдағы консерваторияда профессор. Со кісіден бірдеңе үйрену, жас қатысушыларға үлкен мектеп. 

– 45 қатысушы болды, кіл мықтылар жиналды деп айттыңыз. Биылғы байқаудың ең қиыны бағалау, жеңімпазды анықтау қиын болды дейді…

– Гала-концерттен бір күн бұрын байқау өтеді опера театрында, қатысушылар әділ қазылардың іріктеуінен өтеді. Финалға 16 әнші өтті. Солардың арасынан тағы жарыс өтті. Бекзатқа оңайға түскен жоқ. Оның болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Желтоқсан айында Мәскеуде халықаралық романсиада байқауы өтеді. Орта Азиядан Бекзат қатысады. Оған ақ жол тілегім келеді.

– Кеңес аға, өзіңіз романс тыңдайсыз ба?

–  Ия негізінде тек романс тыңдап қана қоймаймын, өзімнің жазған бір екі романсым да бар. Қазақ әндері романсқа келеді. Абайдың кез-келген әнін романсқа жатқызуға болады. Осы өнерді ары қарай дамыту керек. Облыстық әкімшілікке, мәдениет басқармасына алғыс айтқым келіп отыр. Димашпен бірге бір сахнада ән айтқан Әйгерімнің жолы ашық болып үлкен сахналарға шыға берсін.

–  Биылғы қазақ романс байқауы несімен есте қалды?

– Өзім бір қонаққа өте тәнті болдым. Гала концертке Маринский театрынан моңғол Турванжал Ынбақ деген әнші келді. Мықты баритон екен. Әнді керемет шырқайды екен. Екіншіден биыл Шахимардан ағамызбен әңгімелесуге мүмкіндік алдым. О кісінің дәрежесін кәсіби операдан тыс адамдар біле бермеуі мүмкін. Ең жоғары дәрежедегі өте мықты әртіс. Со кісімен сұхбаттасудың сәті түсті.