«АгриТек Шымкент 2014″ ауыл шаруашылығы көрмесі басталды

475

Шымкенттегі Көрме орталығында ауыл шаруашылығына арналған көрме-жәрмеңке өз жұмысын бастады. «Агритек Шымкент 2014» деп аталатын бұл көрме біздің өңірімізде осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл- агроөнеркісіп кешені мен агроөнеркәсіп саласындағы техника және ғылыми жетістіктерді көпшілік назарына ұсынып, шаруаларға сол мүмкіндіктерді пайдаланудың сәті түскен шара. Әлемнің 7 мемлекетінен 60-тан астам компания көрмеге өз өнімдері мен техника түрлерін, құрылғы-жабдықтарын, тұқым мен өсімдікті қорғау, тыңайтқыш және басқа да қосалқы бөлшектерді ала келген.

agritek

Жаңа әкімшілік іскерлік орталығы аумағына соңғы аптада келушілер қатары көбейді. Құрылыс қызған алаңда бүгін техниканың түр-түрі қатар қойылған. Ресей мен АҚШ, Беларусь пен Түркия, Австралия мен Испанияның трактор, комбайндары, заманауи соқа мен егістікті дәрілейтін құрылғыларды көрушілер де көп. Олардың бірқатары зал ішіне де орналастырылыпты.

Мырзашөл өңірінен көрмеге арнайы келген Мұрат Аманбаевтың көзі бірден осы дәрілеу құрылғысына түсті. 30 гектардай мақта алқабы мен бақша өнімдері егілген жерді шыбын-шіркейден, көсек құртынан қорғауға ыңғайлы жабдықты бірден саудалады.

Мұрат Аманбаев, «Саңғыл» ШҚ төрағасы: «Бұрын бізде Ресейдің құралы бар еді. Мынау одан дұрысырақ екен. Алам деп отырмын.»

Бұл кезде жас кәсіпкер Бақытжан Нұрмаханов Түркияның пияз сұрыптарын дамытумен айналысатын компаниясымен келісім-шарт түзуге келісті. Ондаған сұрыптардың ұрығын өзімізде өндіруді қолға алсақ, жергілікті шаруаға көмек болар еді дейді ол.

Ал кейбір ыдыстар өз қаламызда шығарыла бастады. Бельгия, Оңтүстік Корея шикізатынан жасалған құтылар күнделікті тұрмыста, ауыл шаруашылығында таптырмас жабдық екеніне кәсіпкер сенімді.

Көрменің алғашқы күні-ақ ондаған келіссөз жасалды. Әлемнің 7 мемлекетінен келген қонақтар Қазақстанда серіктестері көбейсе, нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктері ашылатынын жақсы біледі. Шараға мыңнан астам фермер арнайы шақырылған.

Бұл көрме 14-қарашаға дейін жұмыс істейді.