Жол қозғалысы – басты назарда

Үстіміздегі жылдың 10 айында облыста 2836 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 348 адам қаза тапса, 3865-і жарақат алған. Қаза тапқандардың – 44-і, жарақаттанғандардың – 711-і балалар.

47-023

Талдау көрсеткендей, жол қозғалысы қауіпсіздігінің жалпы жағдайын айқындайтын басты фактор – жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің жол қозғалысы ережесін өрескел бұзуы болып табылады.

Осыны ескерген облыстық әкімшілік полиция басқармасы 11-17 қараша аралығында «Жол қозғалыс қауіпсіздігінің апталығын» өткізді. Іс-шараның алғашқы күнінде «Айқын бол!» акциясы ұйымдастырылды. Бұл күні ішкі істер органдарының қызметкерлері қаладағы мектеп оқушыларымен кездесті. Жол сақшылары оқушыларға жолда жүру ережесін түсіндірді. Сонымен қатар, бастауыш сынып оқушыларына сөмкелеріне тағып жүру үшін жарық шағылысатын құрылғыларды таратты.

47-025

Шараның екінші күні «Өзара түсіністік күні» деген ұранмен өтті. Бұл күні жас инспекторлар жол сақшыларымен бірге жолға шықты. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Олар жүргізушілерді жылдамдықты асырмай, жолда жүру ережесін сақтауға шақырды.

Ал қарашаның 17-сі күні барлық көлік жүргізушілер жолда қаза тапқандарды еске алды.

Сондай-ақ, апталық барысында «Біз өмірге сенеміз!» деген ұранмен байкерлер шеруі, мектеп оқушыларының қатысуымен «Жүргізуші, менің өмірімді сақта!» акциясы, «Жол-көлік апатының құрбандарын еске алу күні» өтті. Мұндай шаралар жол-көлік апатын төмендетуге өз септігін тигізеді дейді мамандар. Сондықтан да болар, жол сақшылары мұндай шараларды жиі-жиі өткізіп тұрады.

47-024

– Жол-көлік оқиғаларының көбейіп келе жатқаны ойландырады. Десек те, біздің мін­де­тіміз көлік иелерін жазалау емес, тәртіп бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздік шараларын сақ­тау, әсіресе, балалардың жол жүру ережесін қатаң сақталуын қа­дағалау болып табылады, – дейді әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Луиза Ғазиева.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №47, 19.11.2014