Шымкент әкімдігі: «2015 жылы қаладағы апатты үйлер бұзылады»

287

Шымкентте жарылыс орын алып, бүлінген үй бұзылды. Арнайы техниканың күшімен қиратытылып, сүріліп тасталды. Ал жергілікті билік өкілдері жермен-жексен болған баспананың орны ойсырамайды деп сендіреді.

Бейсен Жанбосынов, Шымкент қаласы кәмінің орынбасары: «Қала әкімдігі тарапынан осы үйдің орнына басқа тұрғын үйді соғу жөнінде тапсырма берілді. Оған байланысты 2015 жылы қаладағы барлық апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу жұмыстары жүргізіледі.»

Еске сала кетсек, Шымкенттегі тұрғын үйлердің бірінде 20-желтоқсан күні кешке жарылыс болды. Қазіргі таңда үйінен айрылған сегіз отбасының үшеуі туыстарын жағалап кетіпті. Ал бесеуі жатақханаға қоныс аударған. Мұнда оларға әлеуметтік ұйымдар көмек қолын созуда. Оқушыларға кітап-дәптер әкелген. Ал мектеп ұжымы оқушылар үшін жатақханаға арнайы келіп, сабақ өтіп жатыр.

Роза Корчагина, тұрғын: «Жатақхана жылы, біз келгелі жуынатын бөлмені де жөндеп қойды. Жаңа төсек-орын берді. Бірақ тағы да айтқым келеді – үйімдегі техникалық қондырғыларымның барлығы да жаңа еді. Құжаты мен қажетті заттарымның барлығы өртенді. Енді құжатты қайта жасап, үй алуды көздеп отырмыз.»

Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бұл азаматтарға үй беріледі. Бүгін-ертең болмаса да қыс ауасында күйбеңге түскендер жаңа жылдың І тоқсанында баспаналы болуы мүмкін.