Оңтүстікте шоколад ұрлағандар ұсталды

768

Оңтүстік Қазақстан облысында шоколадты қорабымен ұрлаған екі күдікті қолға түсті. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. 2015 жылдың 9 ақпаны күні Мақтаарал АІІБ-на Жетісай қаласының 32 жастағы тұрғыны арызданған. Ол өз арызында күндізгі уақытта қаладағы базарлардың бірінде орналасқан сауда қоймасынан белгісіз біреу 29 мыңнан астам «Albeni» шоколадын ұрлап кеткенін айтады. Осылайша сатушыға жарты миллион теңгеден астам шығын келген.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлерінне жәбірленуші бұр ұрлыққа сол қоймада жұмыс істейтін екі жүк тиеуші азаматтың қатысы бар болуы мүмкін деген күдігін айтады.

Мақтаарал АІІБ қызметкерлерінің жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 25 және 19 жастағы екі жүкші ұсталды. Алғашқы тергеу барысында-ақ олар өз істегендерін мойындаған.

Тергеу кезінде анықталғаны, күдіктілер қойма кілтінің екінші нұсқасын әзірлеген. Соның көмегімен соңғы екі айдың ішінде қоймадан қораптағы шоколадтарды шығарып, әр түрлі сауда нүктелеріне өткізіп отырыпты.

Айғақты зат ретінде полиция қызметкерлері күдіктілерден үш шоколад қорабы мен қойма кілтінің екінші нұсқасын тәркіледі.

Осы факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы — «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ешқайда кетпеу туралы тілхатпен жіберілген. Тергеу амалдары жүргізілуде.