Баланы қалай асырап аламыз?

09-016«Бала асырап алғым келеді. Балалар үйінде жетімектердің саны көп болағынмен оларды асырап алу оңай болмай тұр». Редакцияға жиі қоңырау шалатын оқырмандарымыз осылай дейді. Айтуларынша, елімізде жетімдердің санын азайту мақсатында барлық шаралар қолға алынғанымен бала асырап алудың машақаты көп. Мәселенің мән-жайын толығырақ білмек болып, зерттеу жүргізген едік.

Неден бастау керек?

Бізді қызықтырғаны да осы сұрақ еді. Осы оймен біз Шымкент қаласы «Күншығыс» шағынауданында орналасқан балалар үйіне бардық. Алайда, мұндағылар бала асырап алу үшін бірінші кезекте білім бөліміне барып, тіркелуіміз керек екенін айтты.

Келесі кезекте білім бөліміне ат басын бұрдық. Мұнда бала асырап алу, патронаттық тәрбие мәселесімен арнайы қосымша және мектепке дейінгі білім беру, қамқорлық пен қорғаншылық жұмысын дамыту секторы айналысады екен. Сектор меңгерушісі Ғалымжан Ерімбетовтың айтуынша, баланы асырап немесе патронаттық тәрбиеге алатын отбасы бірінші кезекте білім бөлімінің басшысының атына өтініш жазады. Сонымен қатар ерлі-зайыптының жеке басын куәландыратын құжат пен неке туралы куәліктің көшірмесін, мекенжай мен жұмыс орнының, еңбекақы мөлшерінің анықтамасын, сотталмаған-дығын растайтын құқық қорғау органдарының анықтамасын, нарколо-гиялық, тері-венеро-логиялық, психо-невроло-гиялық, ЖИТС (СПИД) және туберкулезге қарсы диспансерлерде есепте тұрмайтындығын растайтын құжаттарды да тапсыруы керек. Қабылданған құжаттардың негізінде құрылған арнайы топ өтініш берушінің үйін, тұрмыс жағдайын тексереді.

– Өтініш келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күн ішінде өтініш берушінің үйін тексереміз. Егер оның үйі жайлы, бала асырап алуға қолайлы болатын болса АКТ дайындап, өтініш берушіні тіркеуге аламыз. Ал егер оның тұрмыс-жағдайы нашар болатын болса онда біз оның өтінішін кері қайтарамыз,- дейді маман.

09-017Жас ерекшелігінің өзіндік рөлі бар

Бұдан өзге АКТ дайындалып, тіркеуге алынған өтініш иесі облыстық білім басқармасына баруы керек. Ондағылар өтініш иесіне балалар үйіне барып, бала таңдауға, онымен араласуға құқық беретін жолдама береді. Заң бойынша болашақ ата-ана баламен 15 күн араласуға құқылы. Сондай-ақ, бала асырап алу кезінде өтініш берушінің жас ерекшелігі ескерілетінін есте сақтаңыз. Асырап алушы мен баланың жас айырмашылығы 45 жастан аспауы керек. Мәселен, ата-ананың жасы 50-де болса, онда ол 5 жасар бала асырап ала алады. Ал егер 45 жаста болса, онда жаңа туған сәбиді алуға құқылы.

Бала асырап алу үшін қажетті құжаттар тізімі:

Ø Бала асырап алу тілегі туралы жазбаша өтініш;

Ø Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

Ø Неке туралы куәліктің көшірмесі;

Ø Тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын тексеру туралы өтініш;

Ø Бала асырап алуға жақын туыстарының жазбаша келісімі;

Ø Достарынан немесе көршілерінен кем дегенде үш ұсыныс хат;

Ø Жиынтық табыс көлемі туралы анықтамалар;

Ø Отбасы жағдайы туралы анықтамалар;

Ø Денсаулық жағдайы, оның ішінде психикалық саулығы, есірткіге, алкогольге тәуелді еместігі туралы анықтама;

Ø Сотталмағаны туралы анықтама;

Ø Тұрғын үйінің бар-жоқтығын растайтын құжат.

Сонымен, бала таңдалды, ата-ана мен бала арасында қарым-қатынас орнап, барлық қиындықтар артта қалды. Енді өтініш беруші сотқа құжатын дайындап өткізуі керек. Сот барысында өтініш берушінің арызы қанағаттандырылып, оң шешім шығарылған жағдайда, болашақ ата-ана 15 күннің ішінде АХАЖ бөліміне барып, баланы өз атына жаздырады. Одан соң жаңа құжатты алып, қайтадан білім бөліміне келеді. Мұндағылар төлқұжаттың негізінде бала асырап алушыларға 75 АЕК (148650теңге) мөлшерінде ақша төлейді екен.

Ескерту: Бұл сомма – бауырының баласын асырап алғандар мен баланы патронаттық тәрбиеге алғандарға төленбейді. Ол тек баланы балалар үйінен асырап алғандарға ғана беріледі.

Айтпақшы

Патронаттық тәрбе дегеннен шығады, бүгінде заңға енгізілген өзгертулерге байланысты, баланы патронаттық тәрбиеге тек педагогикалық білімі бар азаматтар ғана ала алады.

09-018

«Бала таба алмадым…»

Десек те, жоғарыдағы барлық кезеңдерден өтіп, қолында жолдамасы барлар бала таппай жүргендерін айтады. Өзін Әлия деп таныстырған келіншек қаладағы барлық жетімдер үйін аралап шықса да бала таба алмапты. «Күншығыс» шағынауданында орналасқан бөбектер үйіндегілер: «бізде дені сау бала қалмады, барлығының денсаулығында кінәраты бар» деп шығарып салса, №3 балалар үйінің меңгерушісі өздерінде тек еуропа нәсілділер қалғанын айтыпты. Осылайша бала таппай сергелдең болған келіншек енді Жамбыл, Алматы қалаларындағы балалар үйіне барып бағымды сынап көремін дейді.

Балалар үйіндегі бала тапшылығы туралы Ғалымжан Саржайлауұлынан сұрадық. Маманның сөзіне сүйенсек, балалар үйінде бала жоқ емес. Бірақ, асырап алушыларға 1 жастан аспаған балалар мен нәрестелер керек көрінеді. Алайда, қазір тіркеуде тұрған балақайлардың тізімінде ондайлар жоқ екенін айтады. Көп жағдайда кейбір пысықайлар ата-анамен келісіп, нәрестелерді перзентханадан асырап алып жатса керек.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №9, 04.03.2015