Діни тұрақтылықты сақтау – маңызды міндет

329

Облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Оңтүстік Қазақстанда дін саласы бойынша ақпараттық жұмыстарды жүзеге асырудың жолдары» тақырыбында семинар өтті. Семинарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің басшылары мен мешіт имамдары, Шымкент қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындары басшыларының орынбасарлары, жастар комитеттерінің төрағалары, облыс орталығындағы мектептердің «Дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері, облыстық политехникалық колледжінің оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері, блогерлер, т.б. қатысты.

Жиынды облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Құрманғали ашып, жүргізіп отырды. Семинар барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек, белгілі дінтанушы Рүстем Сыздықов сөз алып, өңірімізде дін саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, өз пікірлерін білдірді.

Айта өту керек, бүгінгі таңда облыс көлемінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 782 мешіт жұмыс істеп тұр. Діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында өңірімізде облыстық, қалалық, аудандық ақпараттық-насихаттық топтар құралған. Олардың құрамында 91 шағын топтар жұмыс жасайды.

Жыл басынан бері облыстық ақпараттық-насихаттық топ тарапынан 49 кездесу өткізілсе, оларға 6649 адам қамтылған. Ал қала мен аудандардағы ақпараттық-насихаттық топтар тарапынан 335 кездесу өткізілген. Облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы тарапынан халық арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жетілдіру және тиімділігін арттыру бағытында типтік тақырыптық бағдарлама жасалынып, тиісті әдебиеттер мен қосымша материалдар әзірленді. Сонымен қатар қала, аудандарда ақпараттық-насихаттық топтар өткізетін кездесулердің бірыңғай желілік кестесі жасалынды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі