Қазақстан мен Түркия президенттері Түркістанға іс-сапармен келді

924

Қазақстан мен Түркия президенттері Түркістанға келді. Оңтүстік Қазақстанға жасаған сапары аясында Н.Назарбаев пен Р.Ердоған Түркістан шаһарында бой көтерген 2 мың орынды жаңа мешітті аралап көрді. Сонымен қатар бауырлас елдердің басшылары дін өкілдерімен және жергілікті тұрғындармен кездесті.

006

Қос ел басшысы мешіт құрылысын жүргізу жөніндегі келісімге 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы аясында қол қойған еді. Жалпы аумағы 2 гектарды алып жатқан мешіттің құрылысы Түркия тарапынан қаржыландырылды. Ғибадатхана мұнарасының биіктігі 33 метрді құраса, күмбездің биікті – 31 метр.

007

Одан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы мен Реджеп Тайып Ердоған Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде болды.

009

Мұнда мемлекет басшылары университет қалашығының макетімен танысып, білім ордасының мәдениет орталығындағы түркі әлемі мұражайын аралады. Сондай-ақ, екі ел Президенті құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырып, оқу ордасының оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті.

008

Кездесу барысында Түркия мемлекетінің басшысына университеттің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Университеттің оқытушы-профессорлар құрамы алдында сөз сөйлеген Реджеп Тайып Ердоған көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, түркі тілдес елдердің арасындағы байланысты нығайтудағы осы оқу орны қызметінің маңызды екенін атап өтті.

010

Түркия Президенті Қожа Ахмет Ясауидің бүкіл түркі дүниесіне қалдырған рухани мұрасының орны айрықша екенін де айтты. Сонымен қатар ол Түркияның әрбір тұрғыны үшін Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан зор мәнге ие екеніне назар аударды.

 – Соңғы 20 жылда екі елдің саяси, әлеуметтік және мәдени өмірінде зор өзгерістер болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі емтиханнан жақсы өтті. Барлық сынақтарды еңсеріп, үлкен табыстарға жетті. Бұл көбіне өз елін жоғары деңгейге шығару үшін оның географиялық қонысын пайдалана білген Нұрсұлтан Назарбаевтың көмегімен мүмкін болды – деді Түркия президенті.

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті – түркі тілдес мемлекеттер арасында ең алғаш халықаралық мәртебеге ие болған бірден-бір оқу орны. Мұнда әлемнің түркі халықтары тұрып жатқан 32 елінен келген жастар білім алуда.

Түбі бір туыс елдердің жетекшілері негізін қалаған осы іргелі оқу орнының 8 факультетінде бүгінде 8 мыңнан астам студент білім алуда. Университеттегі дәрістер білім стандарттарына сәйкес қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Сондай-ақ, университет ұжымы халықаралық QS рейтингісіне қол жеткізіп, алдағы бес жылда әлемдегі үздік 350 университеттің қатарына қосылуды жоспарлауда.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі