Оқушылар арасында «Жас сұңқар» әскери патриоттық сайысы өтті

1257

М.Әуезов атындағы ОҚМУ мен Шымкент қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен ОҚМУ-дің «Спартак» спорт кешенінде Жеңістің 70 жылдығына орай білім мекемелеріне қарасты мектептер арасында «Жас сұңқар» әскери патриоттық сайысы өтті.

012

Бұл шараға Шымкент қаласындағы 11 мектептен жалпы саны 160-қа жуық 10-11 сынып оқушылары қатысты. Жастар саппен жүру, автоматты белгілі бір уақыт шеңберінде ашып-жинау, оқ ату, арқан тарту, кір тасын көтеру бойынша жарысты. Сондай-ақ, болашақ сарбаздар Жеңістің 70 жылдығына орай дайындап әкелген қабырға газеттері мен әскери форма, эмблема бойынша өзара бақ сынап, өнерлерін көрсетті.

013

Салтанатты жиында сөз сөйлеген М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің оқу ісі жөніндегі проректоры Қанат Байболов бұл іс-шараның мақсаты патриотизмді жастар арасында кеңінен насихаттауға және олардың отансүйгіштік, елжандылық, патриоттық рухтарын көтеруге бағытталып отырғанын атап өтті.

014

Сайыс барысында мектеп оқушылары үшін әскери техникалар мен қару-жарақтардың қолданылу әдістері және олардың түрлері таныстырылды. Жарыста жеңімпаз атанған жас жауынгерлерге құрмет грамоталары мен кубоктар, бағалы сыйлықтар табысталды.

«Шымкент келбеті»