Шымкентте теннистен ITF сериясының алғашқы турнирі басталды. Қыздар және ерлер арасындағы дода сенбіге дейін жалғасатын болады. Камила Керімбаева жекелей сынақта ширек финалға жолдама жеңіп алды. Жүлде қоры 10 мың АҚШ долларын құрайтын жарыста Камила өзбекстандық қарсыласы Альбина Хабибулинаны 7:6, 6:3 есебімен жеңді.
Жарыстың екінші күні ресейлік теннисші Ксения Дмитриева мен өзбекстандық Арина Фольц кездесті. Ксениядан шеберлігі артық екенін бірінші сэтте-ақ байқата алған Арина Шымкентке жеңіс үшін келгенін дәлелдей түсті. Бірінші сэттен бастап-ақ ол қарсыласынан басым болды.
Жарыс сәуірдің 25-іне дейін Шымкенттің топырақ төселген теннис алаңдарында өтеді. Оның қыздар арасындағы сынағының жүлде қоры 10 мың АҚШ долларын құраса, ерлер 15 мың долларға таласуда. Бұл жолы 9 елдің теннисшілері дайындығын байқап көруде. Олардың арасында Беларусия, Ресей, Эстония мен Латвия да бар. Шымкенттіктер де бірінші орыннан көрінсек деген ниетте.
Рашид Хасанов, ОҚО теннис мектебінің директоры: «Қыздар арасында Камила Керімбаеваға үміт артып отырмыз. Осыған дейін де ол жеңімпаз атанған болатын. Биыл да жүлдеден дәмелі. Ал ерлер арасында анау айтқан үздігіміз жоқ. Дегенмен осындай жарыстарда ұпай санын арттыра алады деп ойлаймыз.»
Эстониялық теннисші Владимир Иванов мұндай жарыстың төртеуінде жеңіске жеткен. Шымкентке де ол жалғыз мақсатпен келгені жасырын емес. Доданың төртінші күні болса да ол әзірге корт үстінде қарсыласымен кездеспепті.
— Қарсыластар мықты ғой. Дегенмен, ұпайымды арттыру үшін барымды саламын. Алғашқы кездесуім бүгін болады. Жеңіске жетемін деп сенемін, — дейді Владимир.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=czCl5E_DGeI[/youtube]
Бұл жарыстың жеңімпаздары сенбі күні белгілі болады. Содан кейін Шымкентте тағы екі халықаралық турнир бастауын алады.