Түркістанға «Әдеби пойыз» жол тартты

1028
"Әдеби поезд"

23 сәуір — халықаралық кітап күні. Мерекелік датаға орай облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұжымы «Әдеби пойыз» акциясын қолға алды. Шара аясында кітапхана қызметкерлері мен белсенді оқырмандар теміржол вокзалына келіп, Түркістанға бағыт алған жүрдек көлікке мінді.

Белсенді жастар Қазақ хандығының — 550, Ұлы жеңістің -70 және Қазақстан халқы ассаблеясының 20 жылдығы құрметіне арналған мерейтойлық парақша мен жинақтарды көпшілікке сыйға тартты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жол бойы жолаушыларға кітап тарихы мен белгілі авторлар жөнінде кеңінен айтумен ғана шектелмейді.

"Әдеби поезд"
«Әдеби пойыз»

Қанат Сарыбаев, облыстық жасөспірімдер кітапханасының өкілі: «Біз жол бойы әдебиет төңірегінде ғана сөз қозғамаймыз. Қазақ хандығы, Ұлы жеңіс сынды тақырыптарына қатысты жолаушыларға викториналық сұрақтар мен түрлі ойындар ұйымдастырамыз. Ұлт татулығы турасында, патриоттық әндер шырқаймыз. Бір сөзбен айтқанда, кітапты насихаттаумен қатар биылғы мерейтойларды да ерекше түсіндіріп, атап өтеміз».

Кітапхана қызметкерлері мен белсенді оқырмандар Түркістанға бағыт алған жолаушылармен бірге аттанып кетті. Айтуларынша, рухани астанамызда бірнеше күн бойы көпшілікке кітап-қазынаны насихаттамақ.

Айта кетейік, өткен жылғы «Әдеби автобус» шарасын да осы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұжымы өткізген болатын.