Шымкент әуежайында Эболаға қарсы оқу-жаттығу өтті

255

Шымкент әуежайында Эбола дертіне шалдыққан азамат анықталып, бірден оқшауланды. Қауіпті вирусті Түркия елінде жұқтырған науқасты төтенше жағдай саласының қызметкерлері мен санитарлық мамандар арнайы күтіп алды. Бұл – стратегиялық маңызды нысанда өткізілген арнайы оқу-жаттығу болатын.

003

Азаматтың денсаулығын тексере келе дәрігерлер медициналық жедел жәрдем көмегімен оны жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізді. Ұшақпен келген азаматтан Эбола дертінің белгілері байқалады.

Науқастың халі нашар екенін көрген борттағы қызметкер арнайы мамандарға дереу хабар береді. Бірер сәттен соң бет-ауыздарын тұмшалаған, түгелдей қауіпсіздік киімдерін киген жедел жәрдем дәрігерлері де оқиға орнына жетіп, науқасқа дереу медециналық көмек көрсетті.

Тексерудің нәтижесі азаматтың Эбола дертіне шалдыққанын анықтады. Мамандар енді қауіпті вирус Қазақстанды жайлап кетпесі үшін барлық шұғыл шараларды қолға алып, науқасты жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізді.

Оқу-жаттығуға әуежайдың санитарлық қызметі, денсаулық сақтау саласы және төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері, сондай-ақ, ішкі істер қызметкерлері де жұмылдырылды. Олар жолаушыларды түсірер алдында түгел тексеруден өткізді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=X99JnM8sqK4[/youtube]

Эпидемиялық белгілер байқалғандарға дереу алғашқы медициналық көмек те көрсетілді. Мұнан соң ұшақтың іші мен сырты да толықтай залалсыздандырылды.

Бұл шарада арнайы қызмет өкілдері әлемді дүр сілкінідірген Эболаға қарсы сақадай-сай дайын екенін көрсете алды. Өкініштісі, қауіпті дерттен қаза тапқандар саны бүгінгі күні 6 мың адамнан асады.

Естеріңізге сала кетсек, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, вирусты қазірге дейін әлемде 13 мың 703 адам жұқтырып үлгерген.

Лаура Нақыпқызы