ОҚО әкімі: «Жерін тиімді пайдаланамын деген азаматтарға несие береміз»

213

Облыс әкімі А.Мырзахметов Арысқа жұмыс сапарымен барып, осында атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын саралады. Осымен екінші ауданда алты сағатқа созылған алқалы жиында тапсырмалардың орындалуы егжей-тегжейлі пысықталды.

001

Бұл жолы да аудан, басқарма басшылары ғана емес, ауыл әкімдері мен бөлім мамандарына дейін көтерілген мәселелер бойынша жеке-жеке жауап берді, атқарған жұмыстарын баяндады. Басқарма басшылары мен қалалық әкімдіктегі дербес бөлімдердің меңгерушілері және ауыл әкімдерінің қатысуымен өткен мәжілісте атқарылған жұмыстар мен берілген тапсырмалардың орындалу барысы жан-жақты таразыланды.

002

Қала әкімі С.Ертайдың есебін тыңдаған өңір басшысы әр салаға жеке-жеке тоқталып, тапсырмаларды дер кезінде әрі сапалы орындамаған жауапты тұлғаларға қатаң шара көрді, бірқатар лауазымды тұлғалардың атқарып отырған қызметіне сай емес деген баға берді. Есептік жиында ауыл әкімдерінің жұмысы, елдімекендерде санитарлық тазалықтың сақталуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда кеткен кемшіліктер мен өзекті мәселелер тиянақты талданды.

Әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше мән берген өңір басшысы осы салада салғырттыққа жол берген тұлғалардың жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, аймақтағы бүкіл құрылыс сапасын жіті бақылауда ұстауды міндеттеді.

Сондай-ақ, пайдалануға берілген нысандардың сапасын бақылауды жергілікті ауыл әкімдері мен мекеме басшыларына тапсырған облыс әкімі ай сайын әрбір нысанның басына барып, ондағы ахуалмен танысып, облысқа шынайы ақпар жолдауды талап етті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=SZVpo1kuu9s[/youtube]

Мәжіліс кезінде игерусіз жатқан үйіргелік жерлерге қатысты алаңдаушылық білдірген А.Мырзахметов алда атқарылар шаралардың жөн-жобасын түзіп, нәтижелі жұмыс жасау жайына кеңінен тоқталды. Бүгінде облыс аумағында тиімсіз пайдаланылып жатқан аула ішіндегі жердің көлемі 50 мың гектарға жетеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында тұрғындарға 50-100 мың теңге көлемінде шағын несиелеу жүйесі түзілмек. Ол үшін ауыл әкімдері тұрғындардың мүмкіндігін бағамдайтын болады.

– Жерін тиімді пайдаланамын дейтін азаматтарға несие береміз. Ертең өнім пісіп-жетілгенде сол өнімнің бір бөлігін сатып аламыз. Бұл азық түлік қауіпсіздігі аясында атқарылған нақты шара болумен қатар халық үшін табыс көзі, – деді А.Исабекұлы.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы ауыл әкімдері мен мелекеттік қызметкерлердің жұмысын жүйелеу, жауапкершілікті арттыру туралы бірқатар тапсырмалар берді. Алдағы уақытта облыс әкімінің өкіміне сәйкес облыс әкімінің орынбасарлары аудан, қалаларға екі рет шығып, атқарылған жұмыстармен танысады.

Ал ай соңында сапарда көтерілген мәселелер бойынша аудан, ауыл әкімдерінің қатысуымен кеңейтілген селекторлық мәжіліс өтеді. Сапар соңында облыс әкімі жақында ғана күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі мен дене шынықтыру сауықтыру кешеніне барып, атқарылған жұмыстарды көрді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі