Оңтүстікте Атырау облысының мәдениет күндері басталды

438

Оңтүстікте Атырау облысының мәдениет күндері басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асып жатқан бұл шара өңірлер арасындағы мәдени-экономикалық байланыстарды нығайтуды көздейді.

003

Үш күн бойы өтетін бұл шарада Атырау өлкесінің екі жүзден астам мәдениет майталмандары оңтүстікқазақстандық ағайынға өз өнерлерін ұсынбақ. Атыраулықтар ұсынған бағдарламада ұлт аспаптар оркестрі мен фольклорлық ансамбілдің концерттері, драмалық қойылымдар, көрмелер, ақын-жазушылардың шығармашылық кештері, т.б. қамтылған. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұхан хабарлады.

‒ Бұдан бұрын Атыраудан Оңтүстік өңіріне мұндай ауқымды делегация құрамы келмеген екен. Күйшілер, әншілер мен бишілерден және ақын жазушылардан құралған керуен көші мұнайлы өлкеден шуақты өңірге бет түзеді. Оңтүстікқазақстандық көрерменнің ыстық ілтипатын сағынып, осы өлкені өзіміз таңдап алдық, -деген Ш.Мұхан Оңтүстік жұртшылығына деген жүрекжарды лебізін білдірді.

Брифингте атыраулық драматург Р.Отарбаев Оңтүстік Қазақстандағы 433 кітапханаға «Аспандағы ақ көбелектер», «Қараша қаздар қайтқанда», «Шыңғыс ханның көз жасы» атты 500-ден астам кітап-журналдарды тарту еткенін айтты.

Сонымен, мұнайлы өлкенің мәдениет апталығы «Ғасырлардан сыр шерткен – Атырау» атты көрменің ашылуымен басталды. Кеше атыраулық театр актерлері Түркістан қаласына барып, Қ.А.Яссауи кесенесіне зиярат етті, түркістандық көрерменге Қ.Мырзалының «Жаралы жолбарыс» қойылымын ұсынды.

Шағалалы Шардарада атыраулық ағайынның орындауындағы күй сарыны шалқыды. Ал бүгін қаламгерлер облыстық «Отырар» кітапханасында оқырмандармен кездессе, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі оңтүстікқазақстандық көрерменге өз концертін ұсынды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі