Úı ANONS Түркістанда 500-ден астам жас домбырашы күй шертті

Түркістанда 500-ден астам жас домбырашы күй шертті

Наурызнама онкүндігі аясында Түркістан облысында ерекше форматтағы «Күй күмбірі» атты ауқымды шара өтті. Бір мезетте жүздеген жас домбырашы күй тартып, ұлттық өнердің әсем үлгісін көпшілікке паш етті. 

Түркістан төрінде ұйымдастырылған игі бастама Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен және Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты. «Жібек жолы» саябағында өткен челенджде оқушылар қазақ күй өнерінің жауһарлары Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлерін орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Шараға Түркістан қаласынан бөлек, Бәйдібек, Отырар аудандары мен Кентау қаласынан келген оқушылар да белсенді ат салысты. Осылайша, өңір көлемінде бір уақытта күй күмбірі әуеледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты ерекшелігі жас өнерпаздардың Наурызнама аясында бір мезетте күй орындауы дейді. Сөзіне сенсек, бұл бастама ұлттық өнерді дәріптеп, жас ұрпақтың дәстүрге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған екен.

Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға оң әсер етеді. Айта кетейік, «Күй күмбірі» жобасы қазақтың күй өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мұндай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Нұргүл Жолымбетова