Облыс әкімінің бірінші орынбасары кеншілер қаласында болды

375

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов жұмыс сапарымен Кентау қаласында болып, бюджет есебінен салынып жатқан нысандардағы құрылыс барысын қадағалады. Кентаулық тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, қала басшысы Әбдібақыт Мақұлбаевтың биыл атқарылған жұмыстар жөніндегі есебін тыңдады.

005

Берік Оспанов алдымен Қарнақ ауылдық округіне қарасты Шаштөбе елдімекенінде салынып жатқан 300 орынды орта мектептің құрылысымен танысты. Бекітілген өндірістік кестеге сай салынып жатқан бұл білім ошағы жақын арада пайдалануға берілуі тиіс. Қазіргі таңда мұнда ішкі және сыртқы әрлеу, абаттандыру және көріктендіру жұмыстары жүргізілуде.

004

Құрылыс нысанындағы жұмыс барысын қадағалаған Б.Оспанов жауапты қызметкерлерге білім ошағының уақтылы іске қосылуын қатаң тапсырып, одан кейін қаланың Шұғыла шағынауданында инженерлік инфрақұрылым жүйелері құрылысын және Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының жағдайын көрді. Бүгінгі таңда мұнда жоспарланған жұмыстар толығымен аяқталған, нысан мемлекеттік қабылдау комиссиясының қарауында.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Б.Оспанов биылғы көктемде құрылысы басталған жер асты суларын тазарту стансасының құрылысымен және №5 жылу орталығында атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Қала әкімдігінде облыс әкімінің бірінші орынбасары жергілікті 4 тұрғынды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауға жазылған азаматтардың барлығы коммуналдық мәселелелерді қозғап, олардың оң шешілуіне ықпал етуді өтінді. Тұрғындардың талап-тілектерін зер сала тыңдаған Б.Оспанов бұл мәселелердің барлығы да жергілікті биліктің назарында тұрған міндеттер екенін айтып, барлығы да кезең-кезеңімен шешілетініне сенім білдірді.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары қала әкімдігінің жауапты қызметкерлерімен кеңейтілген жиын өткізіп, биылғы жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесін жан-жақты саралады. Шаһардың бүгінгі таңдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақты деп бағалаған Б.Оспанов алдағы уақытта атқарылар істер жөнінде нақтылы міндеттер жүктеп, бірқатар тапсырмалар берді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі