Шымкенттің дәрігерлері екі жыл бойы сәби сатқан

422

Оңтүстікте тағы да бала сату оқиғасы тіркелді. Жаңа туылған нәрестелерді сатты деген күдікпен №1 перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі мен неонатолог-дәрігері ұсталды. Тергеу барысында оннан аса сәбидің саудаланғаны анықталып отыр. Прокурорлар сатылған нәрестелердің саны одан да көп болуы мүмкін екенін айтады.

Жаға ұстатарлық жағдай облыстық №1 перинаталдық орталықта болған. Бөлім меңгерушісі мен дәрігер-неанотолог бірлесіп, екі жыл көлемінде жаңа туылған сәбилерді саудаға салып келіпті. Бала сүйе алмаған отбасыларды тауып, қомақты ақшаға сатқан.

Бүгінде ақ халаттылар осы қылмыстары үшін қамауға алынған. Мұны орталықтың заңгері растап отыр. Оның айтуынша, өткен аптаның жұма күні облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері перинаталдық орталыққа келіп, дәрігерлерді өздерімен бірге алып кетіпті.

[youtube]https://youtu.be/wZmCA3rMZWE[/youtube]

9 маусым күні түс ауа облыстық прокуратурада осы дерекке қатысты арнайы брифинг өтті. Қадағалаушы орган өкілдері тергеу шараларының жалғасып жатқанына байланысты сатылған сәбилердің нақты санын айта алмай отыр. Белгілісі – саудаға салынған нәрестелердің барлығынан ата-анасы бас тартқан екен. Оны тәртіп сақшылары бала сату дерегі бойынша жүргізілген тергеу-тексеру кезінде анықтаған.

[youtube]https://youtu.be/i0m2imO9DBk[/youtube]

Жазықсыз сәбилер тек облыс аумағында емес, еліміздің өзге де қалаларына сатылып кеткен. Бұдан бөлек бала сату дерегі жаңа босанған әйелдің үйінен де анықталып отыр. Қазір күдіктілерге қатысты «Нәрестелерді сату және қылмыстық топты құру және жалған құжат рәсімдеу» бабымен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.