Түркістанда 5 миллион теңгенің затын тонаған ұрылар ұсталды

444

Түркістан қаласының полицейлері бірнеше пәтер ұрлығын ашты. 38 жастағы жергілікті тұрғын Жаркенова Гүлжамалдің үйінен белгісіз біреулер қымбат тұрмыстық техникалар, алтын бұйымдары мен ақшасын ұрлап кеткен екен. Жалпы шығын 1,5 млн теңгеден асып кетеді.

-Біз сол күні қонақта едік. Үйге келсек, терезелер ашық, үйдегі құнды заттардың барлығы жоқ болып шықты. Бір айдың ішінде күдіктілерді тауып, ұрланған заттарды бізге қайтарғаны үшін Түркістан ҚІІБ полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз,-дейді Жаркеновва Гүлжамал.

Кезекші бөлімге жыл басынан бері ондаған жергілікті тұрғын белгісіз тұлғалар пәтерлерінен құнды заттар, алтын бұйымдар және ақшаларының ұрлап кеткенін айтып арызданған болатын. Күдіктілерді ұстау үшін полиция басқармасының барлық жеке құрамы жұмылдырылды.

6

Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде маусым айының басында қаладағы көшелердің бірінде жол-патрульді полицияның қызметкерлері 20 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Бір апта өткен соң криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері Түлкібас ауданында күдіктінің бір сыбайласын, 18 жасар жергілікті жердің тұрғынын құрықтады.

Бүгінгі таңда қылмыстық топтың үш қатысушысы қамауда, ал қалған екеуі іздестіруде. Осы қылмыстық топтың әзірше 15 үйге ұрлыққа түскені анықталып отыр. Оның ішінде аса ауыр 5 қылмыстық іс бар. Жалпы шығын көлемі 5 млн теңге шамасында болып отыр. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.