Балалар үшін ата-аналары айыппұл төлейді

324

Шымкенттің 12 тұрғыны әкімшілік құқық бұзушылыққа жол бергені үшін жазаланды. Олар жасы кәмелетке толмаған балаларының түнгі сағат 23:00-ден кейін ересектердің қарауынсыз жүргені үшін айыппұл төлейді.

Таяуда Еңбекші ауданы әкімдігінің мамандар мен аудандық прокуратару, полиция қызметкерлері бірігіп ұйымдастырған рейд барысында түн кезіп жүрген бірнеше жеткіншек анықталды. Олардың барлығы полицияның тірек бекетіне жеткізілді.

– Мен өзімнің аға-інілеріммен әскери комиссарият жанында қыдырып жүрген едім, полицияның көлігі келді де барлығымызды салып, осында жеткізді. Соншалықты не бүлдіріп қойдық?- дейді жеткіншектердің бірі.

Ал негізінде түнгі сағат 23:00-ден кейін жасы кәмелетке толмаған жеткіншектердің ересектердің қарауынсыз еш жерде жүруіне болмайды.

Тәртіп сақшылары тек қала көшелерін ғана емес, ойынханалар мен көңіл көтеру орталықтарын да тексеріп шықты. Рейдтің алғашқы сағатының өзінде компьютерде ойнап отырған ондаған бозбала анықталды.

Енді өз перзентін бақылаусыз жібергендер 15 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Ал бұл – шамамен 30 мың теңге.