Мерзімінен бұрын тапсырылатын білім нысандары бар

367

Қалада білім ошақтарының құрылысы қарқын алған. Мердігер компаниялардың арасында берілген уақыттан бұрын нысанды тұрғызып, жұмысын аяқтап қойғандар көп. Жауапкершілікті сезінген құрылыс компаниялары отандық өнімді қолданғандарын айтып отыр. Ал сапасына кепілдік беруде.

Бұл – №22 мектептің ғимараты. Негізгі білім ошағындағы қайта жаңарту жұмыстары былтыр басталған. Сметалық құжатын дайындағандар құрылыс 2016 жылы бітеді деп жоспарлапты. Ал мектеп биылғы оқу жылына оқушыларды қабылдауға дайын. Нысанды жаңартуды мойнына алған мердігер компания өздеріне жүктелген міндеттің 99 пайызын орындап қойған.

Мектеп заманауи үлгіде жабдықталған. Бір жыл бұрын тапсыруға себеп екі жүздей құрылысшының ерен еңбегі дейді мамандар. Одан бөлек спорт және мәдениет залдарын отандық өніммен жабдықтапты. Ал кабинеттерге соңғы үлгідегі жабдықтар қойған.

Ал былтыр осы уақытта Қалдаяқов және Жангелдин көшесінің қиылысындағы балабақшаның құрылысы басталған болатын. Араға жыл салып нысан пайдалануға берілуге дайын тұр.

Талғат Бейсенов, «Жедел құрылыс» ЖШС директоры: «Балабақша пайдалануға толық дайын. Жұмысшы топтың тексеруінен өтіп, тапсырғалы отырмыз. Бөлінген қаржыны толығымен игердік.»

Айта өтейік, 320 орынды балабақшаның құрылысына 585 млн теңге бөлінген. Мердігер компания берілген қаржыға төрт корпусты, екі қабатты ғимаратты тұрғызған. Асханасы соңғы технологиядағы тұрмыстық құралдармен жабдықталыпты. Балдырғандардың жатын бөлмесі, ойын залы, дәрігерлік тексеруден өтетін орындарына соңғы үлгідегі жиһаздар қойылған. Енді мемлекеттік комиссия қабылдаса, балабақша балдырғандарды қуантуға дайын тұр.