Оңтүстікте аптап ыстық басылар емес

Шілденің шіліңгір ыстығы қайтар емес. Облыста бірнеше күннен бері ауа температурасы 43-49 градустан түспей тұр. Шілде қаһарына енді мінгендей.

Өйткені өңірде болатын ыстық ауа райына еті үйренген Оңтүстік жүртшылығы соңғы күндері ауа жетпес қапырыққа шыдай алар емес. Ми қайнатар ыстықтан мезі болған тұрғындар бірнеше жылдан бері мұндай ыстықтың болмағанын айтады.

Күннің аптабы жаз бітпей жатып жасыл желектерді сарғайтып жіберген. Асфальт жолдар еріп, өңірде жедел жәрдем қызметі күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде.

Тұрғындар тіпті далаға шығудан қалған. Қоғамдық көліктер қаңырап бос жүр. Тек бірді-екілі жолаушыға ғана қызмет көрсетеді. Автобус жүргізушілері шығындарын өтей алмай жатқандарын айтып, шырылдайды.

Күннің ыстығына шыдай алмай, сусын ішіп, салқындағандар да дүңгіршектердегі сауданы қыздырып тұр. Есесіне өзге тауарларға сұраныс аз.

Ал ауа райын болжаушылар қала тұрғындарын жағымды жаңалықпен қуанта алмайтындарын айтты. Аптап ыстық әзірге басылмайтын көрінеді.