Ордабасыда 400 га жерге бау егіледі

302

Ордабасы ауданында бес айда өндірілген өнім көлемі 13 млрд теңгеге жуық, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімі 6 млрд 353 млн теңгені құрап отыр. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте аудан әкімі С.Сапарбаев мәлім етті.

015

Аудан әкімінің айтуынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы дақылдарды егу тапсырмасы 97,5 пайызға орындалса, жалпы үй іргелік жер 89,2 пайызға игерілген. Сонымен қатар биыл тапсырма 400 га жерге бау егу (оның ішінде 40 га интенсивті бау) болса, бүгінгі таңға нақты 220 гектар бау егіліп, тапсырма 55 пайызға орындалды.

Ал ірі қара мал шаруашылығында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 957 бас аналық және 32 бас асыл тұқымды бұқа алынып, тапсырма 83,2 пайызға, «Құлан» бағдарламасы 167 пайызға, «Алтын асық» бағдарламасы 120 пайызға, артығымен орындалып отыр.

Мал шаруашылығын дамытудың үш жылдық іс-шара жоспарына сәйкес ауданда өткен жылы 10-15 басқа арналған 236 ірі қара мал бордақылау алаңдары ашылды. Сонымен қатар ауданнан 108 басқа арналған 9 жанұялық ферма іске қосылса, 2014 жылы Қарақұм ауыл округінен заманауи технология бойынша сүт қабылдау бекеті ашылған.

Ауданда өндіріс орындарын индустрияландыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында екі индустриялды аймақ ашылды. Оның бірінде 30 га жер телімінде ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын «Kazkioti» зауыты іске қосылды. Жобаның инвестициялық құны – 7 млрд 200 млн теңге.

Трактордың үш түрі құрастырылатын бұл кәсіпорын 300 адамды жұмыспен қамтиды. 2017 жылға қарай зауыттың өндірістік желісі ұлғайтылып, жылына 3,5 мың техника шығару жоспарлауда.

Индустриялды аймақта сонымен қатар алдағы жылдары медициналық шприц, құрыш құбырларын және жұмсақ және кеңсе жиһаздары мен т.б. нарықта сұранысқа ие тауарлар өндіретін 17 инвестжоба іске асады. Жалпы аумағы 153 гектарды құрайтын аймақта құны 72 млрд теңгеге жуық қаржыны құрайтын өңірімізде бұрын-соңды болмаған инвестициялық бастамалар қолға алынып отыр.

Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл он жобаны қаржыландыру жоспарланса, 5 айда жалпы құны 2 млрд. 658 млн. 500 мың теңгені құрайтын 2 жоба мақұлданды деді аудан әкімі.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі