Шымкентте 2000-нан астам жетім бар

1082

Әлемде адам саудасының құрбаны болғандардың қатарында кәмелет жасқа толмағандар да көптеп кездеседі. Әсіресе, баланы жетімдер үйінен асырап алғандар оны еңбекке жегетін фактілері анықталған.

Сондықтан болар, күнгейде бала асырап алуға ниет білдіргендер көптеген кедергілерге тап болады. Бұл ретте әкімшілік тосқауыл да жетерлік. Есесіне, балалар үйіне бүлдіршіндерді тапсыру тіпті оңай. Осының салдарынан жетімдер үйі тастанды жәутең көздерге толы. Туған ата-анасы бола тұра балғындар бақытты балалық шағын жетімдер үйінде өткізуге мәжбүр.

006

Жас ана Бахыткүл Тұрсынбаева бөбектер үйіндегі туған нәрестесін көріп, аналық сағынышын басуда. 24 жастағы ана тұрмыстық жағдайына байланысты бір айлық шақалағын жетімдер үйіне өткізіпті. Жалғыз басты ананың тұрақты жұмысы түгілі тұратын үйі де жоқ Ал, күнделікті тапқан нәпақасы ішетін асына әзер дегенде жетеді.

Бахыткүл Тұрсынбаева, қала тұрғыны: «Жағдайым жоқ, осы бөбектер үйінде ұлым. Жағдайы жақсы екен, жақында операция жасатыпты. Ай сайын көріп тұрым. Әзірге ұлымды алып кететін жағдайым жоқ. Жағдайымды дұрыстап алған соң сәбиімді алып кетемін.»

007

Ал Эльмира Мылтықбаева – бір перзентті бауырына басуды армандап жүрген аналардың бірі. Үш жылдан бері балалар үйінінің табалдырығын тоздырып келеді. Бірақ арманы орындалмай, түрлі кедергілер кездескенін айтады.

Эльмира Мылтықбаева, қала тұрғыны: «Балаасыраймын деп құжат жинаған сайын міндетті түрде туған-туыстары табылады. Сонда туған ата-анасы бола тұра жетімдер үйінде не үшін жүреді олар? Соған таңым бар.»

Шымкентте жыл басынан бері тастанды балаларды қамқорлығына алғысы келген 150-ге жуық ата-ана өтініш берген. Олардың арызын қанағаттандыруға білім бөлімінің шамасы жетеді. Бір ғана шымкентте 2000-нан астам жетім бала екен. Олар 5 балалар үйінде тәрбиеленеді. Бала асырап алудың талабы талай ата-ананың шынайы бет-бейнесін ашады. Бірі расында бауырына басқысы келсе, енді бірі өз пайдасын көздеп, кәмелетке толмаған баланы еңбекке жегіп қоятын көрінеді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=UxtLyU0ENzc[/youtube]

Деректерге сүйенсек, республика бойынша ата-ана қамқорлығынсыз қалған 46 мың жетім бала тіркелген. Бұл – тек ресми дерек. Ал бейресми мәліметтерге келсек, жыл сайын елімізде 100 мыңнан астам бала ата-анасы бола тұра тірі жетім атанып, қаңғыбастыққа салынады екен.

Лаура Нақыпқызы