Жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар жазасыз қалмауы тиіс

256

Табиғаттың байлығын талан-таражға салғандар жазаланады. Ал ауыл әкімдері аймақтардағы әрбір заңсыздық бойынша дербес жауап бермек.

005

Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметов Сайрам ауданында жергілікті әкімдікте өткен кеңейтілген мәжілісте айтты. Өңір басшысы аудан әкімі Уәлихан Қайназаровтың бірінші жарты жылдықта атқарылған жұмыстары жөніндегі есебін тыңдады.

Шымкент қаласына іргелес жатқан, халқы тығыз қоныстанған аймаққа берілген тапсырмалардың орындалуы облыстық басқарма басшыларының, ауыл әкімдерінің және әкімдіктің құрылымдық бөлімдерінің мамандарымен жеке-дара жіктелді. Аудан басшысының есебін тыңдап, талдаған облыс әкімі құрылысы бюджет есебінен қолға алынған әлеуметтік нысандарға байланысты қазына қаражатын тиімді жұмсау мәселесін көтерді.

Мәселен, бүгінгі таңда ауданда 300 орынды жаңа мектептің құрылысына 1 млрд теңгеге жуық қаржы қажет. Ал өңірдің басқа аудандарында типтік үлгіде салынған мұндай мектептің құны 560 млн теңгеден аспайды деді А.Мырзахметов.

Халық саны тұрақты түрде артып отырған облысымызда жыл сайын 40 жаңа білім ошағын салу қажеттілігі туындауда. Сол себепті өңір басшысы жаңа ғимарат салынатын аумақтың жер бедерін тиянақты зерттеп, оған кететін шығынды жан-жақты есептеп, қаржының тимді жұмсалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиын барысында елдімекендердегі ішкі жолдардың қазіргі ахуалы да сөз болып, қажетті инфрақұрылым жүйелері жүргізілмейінше, жаңадан жол салып, асфальт төсеуді тоқтату қатаң тапсырылды. Жергілікті билік өкілдері осы мәселені тұрғындар арасында жіті түсіндіруі керектігіне баса назар аударды.