Жетісайда жеңіл өнеркәсіп жоқтың қасы…

430

Жұмыс сапарын Мақтаарал ауданында жалғастырған облыс әкімі А.Мырзахметов кеңейтілген мәжілісте аудан әкімі Ж.Бейсенбаевтың атқарылған жұмыстар жайлы есебін тыңдады.

Жалпы, есепті мерзім ішінде аудан әкімдігіне 117 тапсырма беріліп, оның 42-сі өз деңгейінде орындалмаған. Құрылыс саласында былтырдан бері үш қабатты тұрғын үйдің құрылысы субъективті себептермен өтпелі болған. Басты себеп – жаңа ғимарат салынатын жердің бедері дұрыс зерттелмеген, соның салдарынан нысанның сейсмикалық конструкциясын бекемдеу мәселесі туындаған.

011

Облыс басшысы барлық аудандар мен қалаларда құрылыс саласында жүйелі мәселелер кездесіп отырғанын айта отырып, жылына 200 әлеуметтік нысан салынатын өңірде бірыңғай құрылыс саясаты атқарылуы керегіне назар аударды. Жобалаушы және мердігер мекемелердің жауапкершілігін арттыру үшін олар тарапынан жіберілген кемшіліктер анықталған жағдайда шұғыл әрекет жасау керек деді.

012

Одан бөлек ауданда 2013-2014 жылдары 42 нысан салынған. Пайдалануға берілген бұл нысандардың техникалық жағдайы жергілікті билік тарапынан осы күнге дейін тексеріліп, түгелденбеген. Құрылыс басқармасы жүргізген мониторингтің нәтижесінде 4 нысаннан ақаулар табылды.

Ал қызметтік міндетіне сай дер кезінде дабыл қағуы тиіс аудан әкімінің орынбасары мен ауыл әкімдері, мектеп директорлары өз міндеттеріне атүсті қараған. Осы нысандардың құрылысына техникалық бақылау жүргізген мекемелердің жұмысын жіті қарап, олардың лицензиясын кері қайтару тапсырылды.

Статистикалық деректерге нақты құрылыс көлемін енгізуде де аудан тарапынан елеулі кемшіліктер жіберілген. Бүгінде аудандағы 24 елдімекенде жер асты су қорларын анықтауға байланысты геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Халқы тығыз қоныстанған, егіншілікке бейімделген өңірде су көздерін пайдаланудың тиімді жүйесін қалыптастыру ең өзекті міндет екенін айтқан өңір басшысы, су айдындарында су тазалау қондырғыларын орнату мәселесін зерделеуді тапсырды.

Мақтапралдағы 132,9 мың га егістік жердің 132,4 мың га бекітілген жоспарға сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Кешенді жоспарға сәйкес мақта алқабы 23 мың га қысқартылып, оның орнына экономикалық тұрғыда тиімді дақылдар егілген.

Осы мәселеде А.Мырзахметов мақта алқабы қысқарғаннан кейін үнемделген ағын судың көлемі мен оны пайдаланудың ұтымды тұстарын белгілеуді міндеттеді.