Оңтүстікте дені сау бойжеткен жындыханаға жабылған…

835
Маржан Тұрлыбаева
Маржан Тұрлыбаева

Көз жасы көл болған бала Маржан. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған бойжеткеннің жанарына қарап, жастықтың жалыны мен балалықтың бал сезімі жанбай жатып сөніп, қорлық пен қорқыныш бойын билегенін байқауға болады.

Сегіз жылдан бері ақыл-есі ауытқыған деп, дәрігерлер оны талай тезге салыпты. Қаршадай ғана қыздың содан бері көрмеген құқайы қалмаған. Мәжбүрлі ем қабылдап, тіпті байлап та тастап, басын бұғауға салған.

Маржан Тұрлыбаева: «Осынша жыл болды, қиналып келемін, неліктен менің сау екенімді көре тұра ешкім көмек бере алмайды? Мен сенемін, жақсы адамдар әлі де бар.»

Шырғалаңға түскен қыздың тағдыры әу бастан-ақ шым-шытырық. Кезінде ол балалар үйінде тәрбиеленген болып шықты, сөзін сараласақ.

Маржан шешесінің асырап алғаны туралы былай дейді: «Үш қызды шақырды да осы үшеуінің ішінен таңдап ал деп айтты. Сосын үш-төрт күндей келіп жүрді. Кейін апайға мені шақырды да «Осы қызды асырап аламын, шустрая екен» деді. Содан маған «сені 10 күннен кейін алып кетемін» деді де сол күні кешке мені Шымкентке алып кетті.»

Маржан Тұрлыбаева
Маржан Тұрлыбаева

Міне, содан бері Маржан тағдырым тозаққа айналды дейді. Айтуынша, өгей анасы құқай көрсетіп, қорлауға көшкен.

Маржан Тұрлыбаева: «Үйден қуып жіберетін. Бір күні ұйықтап қалыппын, ол жұмыстан келіп ұрыс басталып кетті. Куйеуі «Осы жетім шаршатты, үйде ұрыстан көз ашылмайды» деп, шынжырмен ұрды, мен мешітке қашып кеттім. Басқа барар жерім де жоқ еді. Ордабасы мешіт алдында біршама тұрдым, адамдар қайыршы екен деп ақша да тастап кетті. Қарным ашқан соң жолдың арғы бетіне өтіп нан алып жедім.»

Сондай сорақылықтан кейін қаршадай қыздың қара басы қайғыға қалды. Жасөспірім кезінде етегін жасқа толтырып, жүйке жүйесі ауруларын емдейтін арнайы емханаға тоғытады. Басы бұғауда қалған бүлдіршіннің тағдырын осылай бұйдаға салған өзінің өгей анасы екен.

Маржан Тұрлыбаева: «Осыншама адам көріп жүріп, қанша көмектесеміз деп келеді де сол бір әйелден қорқады. Менің кінәм мені асырап алғаны ма?»

Оқуда озат болмаса да, үлгерімі өзгеге өнеге боларлықтай бала шәкіртінің жындыханаға жатқызылғанына ұстазы да аң-таң.

Шолпан Молдабаева, сынып жетекшісі: «Қыз он жаста болатын, 5-сынып оқушысы. Оған мектепке келген ұнайтын, басқа жаман қылықтарын көрген емеспін, бірақ анасы екеуінің арасы өте нашар болатын. Маржан сабаққа көбіне денесі көгеріп, ұрған іздерімен келетін, біз көршілерінен сұрап көрдік. Олар да анасының үнемі қызды төпелеп жататынын айтты. Біз арыз жаздық, аналық құқығынан айырсын деп. Бірақ, бекер болды, анасы оны жындыханаға жатқызып жіберді.»

Қазір дәрігерлер қоғамға қауіпті деп тапқан қыз Түркістан қаласындағы психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесіне жабылған. Күні кеше ғана кәмелет жасқа толуына байланысты осында күштеп қоныс аударылыпты. Енді өмір бойы бұл мекеменің табалдырығынан аттап шыға алмайды. Бір қызығы, мұндағы мамандар Маржанды мәжбүрлі емге қабылдағанымен, ешқандай дәрі-дәрмек бермейді де екен.

Абдулла Юсупов, Түркістан қалалық психоневрологиялық әлеуметтік мекеме дәрігер психиатры: «Оған ешқандай дәрі-дәрмек беріп жатқан жоқпыз, бізге келгелі ұйқысы жақсы, басқа ауытқуын көрмедім.»

Дәрігерлердің бұған дейін де ден қойғаны шамалы. Шымкенттегі балалар психоневрологиялық медициналық мекемесінде де ешқандай ем-дом жасалмапты. Күтушілердің де өздері Маржанның жүйкесі сыр берген дегенге күмәнмен қарайды.

Назакат Қазақбаева, Шымкент қалалық балалар психоневрологиялық әлеуметтік мекемесінің бала күтушісі: «Идеальная девочка, жалко ее. 4 года находилась у нас в интернате и никаких проблем не было. Она гимнастка, хорошо поет, танцует, всегда занимала первые место. Когда ее увезли в Туркестан, мы все плакали, жалко девочку, здесь не место ей. Не знаю, почему мать так делает.»

Шахида Нурова, Шымкент қалалық балалар психоневрологиялық әлеуметтік мекемесінің дәрігер психиатры: «Бізде жатқан кезде оған тек ауруына қарап дәрі қолдандық. Ол тұмау болып ауырды, тамағы ауыратын, соған дәрі бердік. Бұл әлеуметтік мекеме, берілетін дәрілер шектеулі.»

Ақыл-есінен алжасқан деп басы бұғауда қалған қыздың шым-шытырық жағдайын әшкере еткен – осы Түркістан өлкесінің қоғам белсендісі Таскүл Махмұтқызы. Ол Маржанды бауырына басқысы келген екен. Сөйтіп, жындыханаға жабылған бойжеткеннің анасын іздестіруге көшкен. Өйткені қаршадай қыздың тағдыры емхана табалдырығынан ары аспай қалғанына кейуананың өзі де қатты қынжылады.

Таскүл Махмұтқызы: «Қыз әп-әдемі, қаршадай қыз. Обал болар деп анасымен сөйлестім, қызды қорлама, мен асырап алайын деп. Обал ғой деп. Бірақ ол әйелді түсіне алмадым.»

Сөйтіп, аяқ-қолы балғадай, ақыл-есі түп-түзу қыздың қапаста қалған өмірі қарияның жанын жегідей жеп барады. Маржанды сырқат дегенге күмәні көп кейуана өзі тарапынан терең зерделеу жүргізіп көріпті. Оған ІІ топтың мүгедектігін өмір бойы еншілеткен екен. Дені сау қызды жындыханаға тоғыту кімге керек болды деген сан түрлі сауалы көп қария қаршадай қызды қайғы бастырып қалдыра алмаймын деп бекініп отыр.

Таскүл Махмұтқызы: «Ұйықтай алмаймын, ауырамын сол қыз үшін. Қазір құқық қорғау органдарына арыз тастадық, қайта сараптама жүргізсін деп. Қызды қайта медициналық тексеруден өткізсе, көздері жетер деп үміттенемін.»

Маржанның өмір дерегінің күрмеуі күрделеніп кеткенін қоғамдық ұйым өкілдері де растап отыр. Туу туралы куәлігінде күмәнді тұстар көп дейді олар.

Бағила Жасатайқызы, қоғамдық бірлестік мүшесі: «Неге осы біздің құзырлы органдар көз жұмып отыр? Менің қорқатыным да сол – бәрін реттеп, түк болмағандай, бәрі жайында қалып қояды ма деп ойлаймын. Қыздың осы күнге дейінгі өмірін зерделеп келдік, шым-шытырық оқиғаның түбінде көп әңгіме жатыр. Алдымен қайта сараптама жүргізгенін күтіп отырмыз.»

Осындай күмәнді тұстардың көбеюінен кейін және қаршадай қызды әу бастан қорлыққа салған деген уәжден соң Маржанның анасының бет-бейнесін біздің де көргіміз келді. Бірақ бейнекамераны көріп, ат-тонын ала қашты.

Бұдан соң біздің түсіру тобымыз құзырлылардың есігін қағып, сұрау салды. Сөйтсек, Маржанның өзі Түркістан қалалық прокуратурасына шағым түсірген екен. Өмір бойы емханаға мәжбүрлі түрде тоғытылған қыз қара басының қамы үшін осындай әрекетке барыпты. Ол түсінікті де. Өйткені қайғыға қалған қыздың жанына жалау болар жақындары да жоқ. Маржан өзіне қайта психологиялық-медициналық сараптама жүргізуді сұраныпты.

Зұлпыхаров Махат, Түркістан қаласының прокуроры: «Түркістан қаласы прокуратурасына 15 шілде күні арыз-шағым келіп түсті, оны 16-сы күні тиісті мекемеге – еңбек медициналық әллеуметтік мекемеге жібердік.»

Сегіз жыл бойы сау басымен ақыл-есі ауытқығандардың арасында аянышты ғұмыр кешкен Маржанның бүгінге дейінгі дерегін ақтарғанымыз осы болды. Алда бейкүнә бойжеткен қара басын қапастан алып шығу үшін қайта сараптамадан өту үшін сандалмақ. Біздің түсіру тобы бұл жағдайды назардан мүлт жібермейді.

Былай қарағанда жанашырының жоғы үшін сап-сау қызды нақақтан-нақақ жындыханаға тоғыту – қатыгез қарекет. Бұған кінәлілердің әрекеті әшкере болатын күн алыс емес. Ең бастысы, Маржан алдағы медициналық сараптама әділ жүргізілсе екен деп тілейді. Біз де соған үмітпен қараймыз!

Гүлжан Байназарова