Полиция қызметі екіге бөлінуі мүмкін

505

Қазақстанда тәртіп сақшылары екі топқа бөлінуі мүмкін. Жергілікті және криминалды полиция қызметі жаңадан енгізіледі деген жоспар бар. Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жобасы аясында осындай өзгеріс күтілуде.

Оңтүстіктің Отырар ауданына арнайы ат басын бұрған үгіт-насихат тобы өлкедегі құқық қорғау және сот органы өкілдерін жинап, тереңінен түсіндіруге тырысты.

002

Бұл жолғы басқосуға бір тегіс погондылар жиналды. Өйткені өзгерістің көбі тәртіп сақшыларына қатысты болып отыр. Ұлт жоспарындағы 100 нақты қадамның 6 бағыты полицейлердің пәрмені туралы. Енді погондылардың өздері жергілікті және криминалды полиция қызметі болып екіге бөлінуі әбден мүмкін.

Оның соңғысы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болады. Осыны нақтылаған үгіт-насихат тобының жетекшісі әрі облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов тәптіштеп түсіндіруге тырысты.

Бұған дейін халықтан алшақтап кеткен тәртіп сақшылары енді тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді деді топ жетекшісі. Өйткені полицейлердің тындырған тірлігіне жергілікті жұрт пен депутаттар баға беретін болады. Басқарма мен бөлім басшыларын да солар тағайындайтын құзыретті иеленбек.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=HRB6o4KJo9I[/youtube]

Бұдан бөлек прокуратура қызметінде де бірқатар өзгерістер болуы мүмкін деді ұйымдастырушылар. Бұл, әсіресе, қадағалаушы органның азаматтық істерді қарау тәртібіне қатысты болады. Соттың да сатыларында айтарлықтай жаңалық бар.

Дегенмен, ұлт жоспарындағы бағыттың басым бөлігі полицейлердің еншісінде. Шын мәнінде, тәртіп сақшыларының формасы, қарумен қамтамасыз етілуі, су жаңа қызметтік көліктерге жайғасуы қазына қаржысының есебінен. Бұл мақсатқа жұмсалатын қаражаттың 80 пайызға жуығы жергілікті бюджеттің қоржынынан қаралады екен.

Ендігі жоспар – осыншама қомақты қаржыны қысқарту. Бұдан бөлек тәртіп сақшыларының тірлігін ширатып, шапшаң қарекетке баулу қажет. Бақандай алты бағыт бойынша өзгерістерді күтіп отырған полицейлер қазірден дайындықты күшейтпесек болмайды деп отыр.

Сөйтіп, Елбасы ұсынған ұлт жоспарында ұлық істер көп. Бұл жобаны жан-жақты талқылап, алдағы қыркүйекте нақты нүктесі қойылады деген болжам бар. Осының бәрін түгендеп тәптіштеген топ құқық қорғаушылар мен сот салысының өкілдерін өзгерістерге сақадай сай болуға шақырды.

Мақсат Жақсыбаев