Шымкентте бірыңғай call-орталық ашылды

586

Облыстық клиникалық аурухана жанынан call-орталық ашылды. Енді дәрігерлердің қабылдау уақыты, қызмет құны мен порталға қажетті құжаттар туралы пайдалы ақпаратты үйде отырып-ақ ала аласыз.

002

Медициналық қызмет туралы ақпараттың барлық түрін осы орталықтан алуға мүмкіндік бар. Ол үшін тұрғындар 39-31-60 нөмірін терсе, жетіп жатыр. Бұл орталыққа келіп түскен сұрақтарға төрт оператор таңғы сағат 08:30-дан кешкі сағат 18:00-ге дейін жауап береді. Қазір операторлардың қолында облыстағы бүкіл емдеу мекемелері жайлы толық мәліметтер бар.

Операторлар азаматтардан келіп түскен сұрақтарға жауап беру үшін емдеу мекемелерімен арнайы бағдарлама арқылы байланысады. Орталыққа хабарласқан кез келген азаматтың өтініші арнайы базаға тіркеледі. Егер көрсетілген ем-дом, медициналық қызметке қатысты арыз-шағым түссе, мамандар бес тәуліктің ішінде жіті қарап, жауап беруі тиіс. Осылайша сала мамандары медициналық қызметтің сапасын арттырмақ.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=LyoxtItKLRc[/youtube]

Әзірге мұндай медициналық жүйе өңір бойынша тек Шымкентте ғана жұмыс істейді. Дәрігерлер болашақта облыс аудандары мен қалаларын қамтимыз деп отыр. Онда да осындай call-орталықтар ашылмақ.

Лаура Нақыпқызы