Сот «Шардара ісінің» үкіміне қарсы апелляцияны қанағаттандырмады

533

Шардарадағы банк тонау ісіне қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасының судьясы Талғат Оңғарбаев осындай қаулы шығарды.

001

Яғни, Шымкенттегі Әл Фараби аудандық сотының 2015 жылдың 28 мамырындағы үкімі өзгеріссіз қалады.

Ал сотталғандардың туыстары бұл үкіммен келіспейтіндерін бірден білдірді. Олар қаулы оқылып бітер-бітпесте айғайға басты. Бауыр еті балалары жазықсыз түрмеге тоғытылды деген олар қарғысты жаудыруда. Ең бастысы – қылмыс болған күні миллиондаған ақшаның банкке жеткен-жетпегені белгісіз дейді қорғаушылар.

Ұлбосын Сейдаева, Ержігіт Қасымовтың анасы әрі қорғаушысы: «Бұл келген ақша ма, келмеген ақша ма, анық-қанығын білейін десек, біздің ол талап-тілегімізді судья қанағаттандырмай отыр. Прокурор да қарсы боп отыр, жәбірленуші – Халық банкінің өкілі де қарсы боп отыр. Неге ол құжатты әкеліп, бізге дәлелдемеске? Ал бұл ақшаның келгеніне, келмегеніне бізде де күмән бар. Анық-қанығына көз жеткізейін десек, істі қараған жоқ тәртібімен. Ерте қысқартып, заңсыз үкім шығарып отыр. Тағы да өзгеріссіз қалдырып отыр.»

Шардарбек Шатырбаев, Ержан Мінайдаровтың қорғаушысы әрі әкесі: «Біржарым жылдан бері жүрмін. Бір сұраққа, осы менің балам қалай қосылғанына жауап бере алмайды. Менің балам қай жерден қосылғанын да білмейді. Ешкім айтпаған да. Айтпаса да қосып отыр. Осының бір емес, екі сотта да айта алмайды. Тергеуші де айта алмайды. Сот та айта алмайды. Әділ шешім шығарып бере алмай отыр.»

Осымен бұл атышулы істің аяқталар түрі көрінбейді. Сотталушылардың туыстары мен қорғаушылары Астанаға дейін барамыз деп отыр. Яғни, кассациялық шағым бермек.