Тасбақаны заңсыз тасығандар ұсталды

640

Шекараның ашылғанын кейбір пысықайлар өз пайдасына жаратуды көздеп жатыр. Өзбекстанмен шектескен аумақта заңсыз айналым тіркелді. Оңтүстіктегі Сарыағаш шекара бақылау бекетінен тағы да тасбақаның ірі партиясы қолға түсті.

001

Шекарашылар бұл жолы жүк пойызынан контрабандалық жолмен алып өтпек болған 5 қап тасбақа мен 7 қап түрлі-түсті металды түгел тәркіледі. Дегенмен, қазір мыңға жуық тірі тасбақаны саудаға салмақ болғандарға іздеу жарияланып отыр.

Қазақстан шекарасынан тасбақа алып өтушілер соңғы кезде толастар емес. Биылдың өзінде ірі мөлшердегі контрабанданың екінші дерегі «Келес-Сарыағаш» бағытында тіркелді. Жүк пойызы арқылы жеті қапқа салынған 130 келі мыс пен бес қаптағы 898 дана тірі тасбақаны өткізбек болған күдіктілердің әрекеті таңсәріде әшкере болған. Әзірге заттардың иесі белгісіз. Күдіктілер анықталып жатыр.

Сырым Орманов, «Оңтүстік» шекара қызметінің аға офицері: «Қазіргі таңда әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 1-тармағы 548-бабына сай тауарды кедендік бақылауға соқпай өткізу, яғни Қазақстанның мемлекеттік кіріс органдары анықтаған тыс жерден өткізу бойынша қылмыстық іс қозғалып, шаралар жүргізілуде.»

Қытайлықтардың тасбақаны ас мәзіріне пайдаланатынынан бөлек ұстаханаларда бұл жәндіктің сүйегінен көбіне сыйға тарту етілетін кәдімгі күлсалғыш жасалынады екен. Ал Европа елдерінде түрлі сувенирлік бұйымдар айналымда бар. Кейбір сарапшылар зергерлік бұйымдарға да қолдануға болатынын айтады.

Раиса Долгова, Шымкент зообағының сектор жетекшісі: «Қолөнер мамандары күлсалғыштан бөлек түрлі заттар жасайды, әбзелдер, қолданымға пайдалы бұйымдар жасап шығарады.Тіпті жай ғана сәндік бөлшектер де шығарады. Өйткені ол сүйектен тұрады.»

Өзбекстаннан контрабандалық жолмен тасымалданған тасбақаларды мамандар бірнеше ай бойына су мен тамақсыз өмір сүре алатын өте төзімді жәндіктер қатарына жатқызды. Дегенмен, зообақ өкілдері олардың сот шешімінен кейін арнайы орындарға емес, далалы жерлерге жіберілетінін айтады.

Ұсталғандардың бұл бауырымен жолғалаушыларды Алматы мейрамханаларына сатуға алып бара жатқаны белгілі болды. Одан дайындалған ас таңдамалы тағам қатарына жатады екен. Дәл осы оқиғадан кейін бұл жәндік түрінен жасалған ас Алматы мейрамханаларының мәзірінен түгелдей алынбақ.

31.kz